Қазақстанда дипломның шынайылығы QR-кодпен тексеріледі
Елімізде соңғы жылдары жалған диплом жасау әрекеттері әшкере болып жатыр. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі 1991 жылдан бері берілген барлық дипломдарды бір базаға жинады. Енді әрбір жоғары оқу орны беретін дипломда міндетті түрде QR-код пен бірегей нөмір болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Министрліктің айтуынша, бұл жүйе жалған құжаттың алдын алып, әр дипломның түпнұсқалығын жылдам тексеруге мүмкіндік береді. Дипломды рәсімдеумен университеттің арнайы тіркелген қызметкерлері ғана айналыса алады. Егер құжатта QR-код болмаса, мұндай диплом жарамсыз деп есептеледі.
Мекеме жалған дипломдарды жасап, сататындар азаймай отырғанын да жасырмады. Биылдың өзінде 46 жалған диплом мен оларды дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталған. Материалдар Ішкі істер және Мәдениет және ақпарат министрліктеріне жіберілді.
Заңға сәйкес жалған құжат жасау немесе қолдану айыппұлмен, түзету жұмыстарымен немесе екі жылға дейінгі бас бостандығынан айырумен жазаланады.
Жұмыс берушілер үшін тексеру әдісі де оңай. Дипломның түпнұсқалығын анықтау үшін, epvo.kz сайты немесе «Цифрлық құжаттар» мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.
Университеттер дипломдарды цифрландыру жұмысын жалғастырып жатыр. Болашақта дипломның электрондық нұсқасы толық қолжетімді болады.

