getty images

Қазақстанда дәрі-дәрмектерді тексеру үшін ЖИ қолданылатын болады

Қазақстанда жасанды интеллект дәрі-дәрмекке қажеттілікті болжау және жалған рецепттерді анықтау үшін пайдаланылатын болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеген еді.

Оның айтуынша, ЖИ технологиялары жеткізілімдерді жоспарлау тиімділігін арттыруға және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі үзілістердің алдын алуға көмектеседі.

Министрлік жасанды интеллектті қажеттілік пен жеткізілімдерді болжауда қолдануды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жасанды интеллект технологиясы жалған рецепттерді анықтау үшін пайдаланылмақ - деді Мұратов үкімет отырысында.

Вице-министрдің айтуынша, дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесіне ЖИ-консультант енгізу де жоспарланып отыр.

Ол нарық қатысушыларына таңбалау, айналым ережелері және заңнама талаптары бойынша автоматты түрде кеңес береді - деді вице-министр.

Министрліктің жоспарларына сәйкес, цифрлық шешімдерді енгізу дәрілік заттардың айналымының ашықтығын арттырып, фармацевтика нарығы қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуі тиіс.