Қазақстанда бруцеллез ошақтарының саны 59%-ға азайды
Биыл жыл басынан бері Қазақстанда 18,1 млн бас ауыл шаруашылығы жануары тексеруден өтті. Зерттеу нәтижесінде 17,5 мың бас малдан бруцеллез анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жалпы, бруцеллез ошақтарының саны өткен жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаңтардан маусымға дейінгі аралықта 59%-ға азайды. Қолайсыз 44 ошақтың 14-і сауықтырылып, қалған ошақтарда тиісті іс-шаралар жалғасып жатыр.
Бүгінгі таңда елдегі эпизоотиялық жағдай тұрақты, Қазақстанның ветеринариялық қызметі оны бақылауда ұстап отыр.
2023 жылдың басынан бері Қостанай облысының аумағында бруцеллез бойынша 11 қолайсыз пункт тіркелді, оның 6-ы сауықтырылды. Қолайсыз пункттерге республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың 16 қызметкері мен 4 арнайы техникасы жұмылдырылды. Жүргізілген талдау аурудың 1,8 мың бас малда бар екендігін көрсетті. Ауру жұқтырған малдар ветеринариялық-санитариялық қағидаларға сәйкес союға жіберілді.
Сонымен қатар, Қостанай облысы әкімдігінің ветеринариялық қызметінің жұмысын тексеру барысында ветеринариялық заңнаманың нормалары мен талаптарын өрескел бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, профилактикалық іс-шаралар тізімдемесінде жоқ адамдардың деректері табылды. Жергілікті жерлердегі мамандар ауыл шаруашылығы жануарларын бруцеллезге диагностикалық зерттеулермен толық қамтымаған.
Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша ауылдық және аудандық деңгейдегі ветеринарлық мамандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 698,6 мың теңге сомасына айыппұл салынды.
Қызылорда облысына келетін болсақ, бүгінде өңір аумағында тек 2 қолайсыз пункт тіркелген. Жануарлардың қауіпті ауруларының диагностикасы ауру жұқтырған 27 бас малды анықтады, олардың барлығы санитарлық союға жіберілді. Бүгінгі күні қолайсыз пункттерде республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың қызметкерлері сауықтыру іс-шараларын жүргізіп жатыр (Республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың 9 қызметкері және 4 бірлік арнайы техникасы жұмылдырылды).
2023 жылы Қызылорда облысында қалыптасқан жағдайды ескере отырып, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының қызметкерлері өңір әкімдігінің ветеринарлық қызметінің жұмысына тексеру жүргізді. Анықталған бұзушылықтар нәтижесінде жалпы сомасы 215,6 мың теңгеге айыппұл салынды.