Жаңалықтар

Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда 08.06.2023 12:02 823

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден кең көлемде инвестиция тартуды және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасайтынын айтты. Бұл туралы ол Астана халықаралық форумында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты, - деді Президент.

Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отырғанын атап өтті.

Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз. Мысалы, Қытайды Еуропалық одақпен байланыстыратын орталық дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынына тоқталды.

Біз мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ серіктес әрі дос ретінде қоғамдастықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысамыз. Осы факторлардың барлығын ескере отырып, бүгінде Қазақстан жаһандық, ең бастысы, шын мәнінде, сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айта аламыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға