Қазақстанда биыл 7,5 мың шақырым жол жөнделді
Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Қазақстанның логистикалық әлеуеті жоғары. Сондықтан көлік инфрақұрылымын дамыту үлкен маңызға ие, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 24kz-ке слітеме жасап.
Ел де жол салуға машықтанып қалды. Қазір халықаралық дәліздерде ірі жобалар іске асып жатыр.
Былтыр 10 мың шақырымнан астам жол жөнделсе, биылғы меже – 12 мың шақырым. Президент Ұлттық құрылтайда Үкіметке көлік инфрақұрылымын жаңғырту және логистикалық әлеуетті арттыру жөнінде тапсырма берген еді. Былтыр елде 10700 шақырым жол жөнделді. Биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай өсті. Яғни, 12 мың шақырым жолды жөндеп, қайта төсеу міндеттелді. Мұның ішінде 3 мың шақырымнан астам жолды жаңадан салу, 5 мың шақырымға жуық республикалық маңыздағы жолды күрделі және орташа жөндеуден өткізу көзделді.
Сондай-ақ 4 мың шақырымнан астам жергілікті маңыздағы жолдар жөндеуден өтуге тиіс. Көлік министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінде 7,5 мың шақырымда жұмыстар аяқталды. Оның ішінде негізгі халықаралық көлік дәліздері бойынша жобалар мәреге жетті.
Қарағанды мен Алматының арасында, Талдықорған мен Өскеменнің арасында, Ақтөбе мен Қандығаш және Атырау – Астрахань сияқты дәліздерде негізгі асфальт жұмыстары аяқталып, жол қозғалысы толықтай дерлік қамтамасыз етілген болатын. Сонымен қатар көптен күттірген еліміздегі үлкен жобалардың бірі – Түркістан облысының Шақпақ баба асуындағы туннельдің құрылысы биыл толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірдің аяқталып, қазіргі кезде толықтай қолдауға берілді, - дейді Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов.