Жаңалықтар

Қазақстанда бірінші рет жас биологтардың халықаралық олимпиадасы өтіп жатыр

Қазақстанда бірінші рет жас биологтардың халықаралық олимпиадасы өтіп жатыр
Фото: NU 11.07.2024 17:49 418

NU базасында биологиядан беделді «IBO-2024» халықаралық олимпиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жас биологтар арасындағы аталған білім сайысы Қазақстанда алғаш рет өтуде. 9 шілде күні NU базасында Биология пәнінен 35-ші халықаралық олимпиаданың практикалық емтихандары басталды. Оған әлемнің 81 елінен 305 оқушы қатысуда. Практикалық емтихандар биохимия, молекулалық биология, биоинформатика және жануарлар анатомиясы мен физиологиясы бойынша 4 кезеңді қамтиды. Барлық тапсырманы Қазақстанның жас биолог-ғалымдары әзірлеп, IBO-2024 Ғылыми комитетінің мүшелері бекітті.

Қарапайым биологиялық деректерден бастап, биологиядағы ең қызықты шешімдерге дейінгі дәрежедегі білімді байқаймыз деп күтеміз. Қатысушылар осындай қарапайым ақпаратты синтездеп, бұрын өздері кездестірмеген жаңа деректерді құрастыруы керек. Яғни, олар берілген тапсырмаларды орындап, олардың шешімін іздеуі қажет, — дейді Олимпиаданың Ғылыми комитетінің мүшесі Эльдар Үркімбаев.

«Internetional Biology Olympiad» әлемдегі топ-7 пәндік жарыстардың қатарына кіреді. Қазақстандық оқушылар бұл сайысқа 28 жыл бойы тұрақты қатысып келеді. Осы уақыт ішінде олар 70-тен астам түрлі наградаларға ие болды: 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль.

Осындай жетістіктерді ескерген халықаралық ұйымдастыру комитеті олимпиаданы Астанада өткізуді ұйғарды. Биылғы додада ел намысын 4 дарынды оқушымыз қорғайтын болады.

NU – «IBO-2024» олимпиадасының негізгі серіктерстерінің бірі. Оқу орны өзінің алаңы мен барлық әлемдік стандартқа сай заманауи зертханаларын осындай маңызды білім додасын өткізуге беріп отыр.

Айта кету керек, олимпиада жоғары дәрежеде ұйымдастырылған. Зертханалар өте кең, жарық та жақсы қойылған, бәріне орын жеткілікті – бұл нәрселер қатты таңғалдырды, — дейді Даниядан келген испектор Бирте Цимерманн.

Негізгі зияткерлік турнирден бөлек, қатысушылар үшін елорда мен Ақмола облысының көрікті жерлері бойынша тур қарастырылған. Сондай-ақ Қазақстанның тарихымен және ұлттық өнерімен танысу бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға