Жаңалықтар

Қазақстанда бір апта ішінде 2655 қылмыс жасалды

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті
Қазақстанда бір апта ішінде 2655 қылмыс жасалды
Фото: primeminister.kz 31.10.2022 11:41 1640

Өткен апта ішінде ел көлемінде 2655 қылмыс тіркелді. Оның ішінде 14 кісі өлімі бар. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды  El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сондай-ақ, аталған ведомство өкілі тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген азаматтарға SMS хабарлама жіберу жалғасып жатқанын айтты.

«Егер сізге SMS хабарлама келсе, онда ішкі істер министрлігі дерекқорында сіздің тіркелуіңіз туралы мәліметтер жоқ деген сөз. Сіз тұрғылықты жеріңізде тіркелуіңіз керек. Мұндай хабарламаларды жіберудің мақсаты - азаматтардың нақты тұратын жері бойынша тіркеусіз тұруына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу», - дейді ол.

Одан бөлек, министрлік өкілі тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген жағдайда айппұлдың барын еске салды.

«Бүгінгі күні тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 10 күннен 1 айға дейін ескерту беріледі. Егер 1 айдан асып кетсе, 7 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) (21 441 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша тіркелу қызметі «электрондық үкімет» порталында, сондай - ақ «Халық Банкі» АҚ – «Halyk Homebank» мобильді қосымшасында қолжетімді. Өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңізді «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы тексере аласыз», - деді Ш. Тұрлыбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға