Қазақстанда бет-әлпетті жабуға тыйым салынды: жаңа заң кімдерге қатысты
Қазақстан билігі қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тұмшалап, танылмайтындай етуге тыйым салуды ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігімен түсіндіреді. Ішкі істер министрлігі ұсынған заңнама өзгерісі адамдардың түр-сипатын тануға кедергі келтіретін ниқаб, сынды киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салады. Мұндай тыйымның мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, бейнебақылау мен бет-әлпетті тану жүйелерінің тиімділігін арттыру, қылмыстарды ашуды жеңілдету.
Бұл шектеуді ұсыну неден және қашан басталды?
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда соңғы 5 жылда 105 қылмыс бет-жүзді жабатын маска және басқа да құралдар қолдану арқылы жасалған. Олардың арасында тонау, қарақшылық, алаяқтық, ұрлық, ауыр жарақат салу, тіпті бір кісі өлтіру оқиғасы бар. Мұндай қылмыстардың кейбірі әлі күнге ашылмаған. ІІМ өкілдері қаскөйлердің бет-бейнесін жасыруы бейнебақылау мен бет-әлпетті автоматты тану технологияларын алдап, қылмыскерді анықтауды қиындататынын айтады. Мысалы, мамыр айында Астанада футбол жанкүйерлері шарф, маска тағып алып, жаппай тәртіпсіздік (төбелес) шығарған кезде, құқық бұзушыларды анықтап, жауапқа тартуға әдеттегіден ұзақ – бір тәуліктен астам уақыт кеткен. Сондықтан бет-жүзді жабуға тыйымды енгізу – жаппай шараларда тәртіпті күзетуді жеңілдетіп, камералар көмегімен қылмыскерлерді жедел тануға септігін тигізеді деп күтілуде.
Тәртіп сақшылары бұл шектеу азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, оның ішінде діни сенім еркіндігін шектемеуге бағытталған деп сендіреді. Олар тек адамның түр-тұлғасын толық жасырып, жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салынғанын атап өтті. Мысалы, бетті бүркеп жабатын бетперде, ниқаб сияқты киімдерге тыйым салынса, ал бет-жүзді толық жаппайтын орамал, хиджаб, шәйла секілді діни киім үлгілеріне бұл шектеу қолданылмайды. Яғни, қарапайым орамал тартқан азаматтар бұрынғысынша қоғамдық орындарда еркін жүре алады; жаңа талап тек түрін танымайтындай етіп бүркемелейтіндерге қатысты.
Қазақстан билігі қоғамдық орындарда бет жабатын киімге тыйым салу мәселесін біраз жылдан бері талқылап келеді. Әсіресе, 2016 жылғы Ақтөбе қаласындағы террористік шабуылдан кейін бұл тақырып күн тәртібіне өткір қойылды. 2017 жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ниқаб, пәренжіге тыйым салуды заңға енгізуді ұсынған еді. Ол уақытта бұл бастама қоғамда үлкен пікірталас тудырып, кейін үкімет заң жобасын кері қайтарып алды. Алайда, араға уақыт салып, бет тұмшалауға тыйым тақырыбы қайта көтеріліп отыр.
2024 жылы маусымдағы Ұлттық құрылтай отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қара киініп, бетін бүркемелеуді «ұлттық құндылыққа жат құбылыс» деп атап, радикалды діни ағымдардың белгісі ретінде сынға алды. Президенттің айтуынша, бет-жүзді тұмшалау – қазақ дәстүрінде болмаған, шетелге еліктеуден келген архаикалық сән және елдің дәстүрлі ұғымдарына ашық шабуыл жасайтын радикалдар оны қоғамға таңуға тырысып жүр.
Бұл норманың діни сенім бостандығына ықпалы бар ма?
Қазір «Жаңа шектеу діни сенім еркіндігіне нұқсан келтірмей ме?» деген жиі көтеріледі. Бұл сұрақ қоғамда да, сарапшылар арасында да туындауда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми мәлімдеме жасап, бет-жүзді толық жабуды шектейтін заң ең алдымен қоғамдық қауіпсіздік үшін қажет және «қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдау құқығын шектеу үшін емес» екенін хабарлады. Мұсылман қауымының ресми ұстанымы бойынша, ислам шариғатында әйел адамға бетін жабу парыз етілмеген, Құран аяттары мен хадистерде мұндай талап жоқ. ҚМДБ баспасөз қызметі «Құран аяттары мен хадисте әйел кісілер бет-жүзін жабуға міндеттелмеген. Бұл халқымыздың дәстүрінде де көрініс таппаған» деп атап көрсетті. Яғни, ниқаб кию – ислам дініндегі міндет емес, сондықтан оны заңмен шектеу мұсылмандардың діндарлығына қарсы шықпайды деген тұжырым бар.
Мұсылмандықтан бөлек, ҚМДБ қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік құндылықтарын сақтау үшін де бұл шараны қолдайтынын жеткізді. Қазақстанда басым көпшілік ұстанатын Ханафи мәзһабы ғұламалары да ниқаб киюдің парыз еместігін ресми пәтуа арқылы растаған болатын (2024 жылы қазанда жарияланған пәтуа).
Дінтанушылардың түсіндіруінше, хиджаб пен ниқабтың айырмашылығы үлкен. Хиджаб – әйелдің шашы мен мойнын жабатын киім үлгісі, бет-жүзін толық жаппайды; ал ниқаб – тек көзін көрсетіп, жүзді мүлде тұмшалап тастайтын жамылғы. Шариғат бойынша мұсылман әйеліне хиджаб кию ұсынылғанымен, ниқабты кию міндетті емес, тіпті қажылық кезінде де әйелдердің бетін жабуына арнайы тыйым салынбаған.
Белгілі дінтанушы Елнар Берікбаевтың айтуынша, ниқаб кию – белгілі бір ағымдардың дәстүрі, Құранда да, Пайғамбар сүннетінде де бет жабу парыз делінбейді. Сондықтан, мемлекеттік органдардың ниқабқа тыйым салуы діндар азаматтардың құқығын шектейді деушілердің уәжі негізсіз деп саналады.
Еуропадағы адам құқықтары сотында да Франция, Бельгия сынды елдердің ниқабқа тыйымын мұсылмандардың діни еркіндігіне қол сұғу деп тануға тырысқан тараптар жеңіліс тапқанын сарапшылар атап өтеді. Мамандар бұл жерде мемлекеттердің қауіпсіздік пен қоғамдағы «бірге өмір сүру» талаптарын сақтауды алға қойғанын, ал діни еркіндік абсолютті емес екенін алға тартады.
Сонымен қатар, кейбір сарапшылар жаңа норманың қолданылу тетіктеріне алаңдайды. Мысалы, құқық қорғаушы-заңгер Евгений Яворский тыйымды енгізу түсінікті болғанымен, заңның өзінде қандай киімдерге нақты тыйым салынатыны ашып көрсетілмегенін сынға алады. Оның айтуынша, заңнамадағы тұжырымдар жалпы жазылғандықтан, әркім оны өз бетінше түрлі түсініп, асыра қолдануға жол беруі мүмкін. Діни себеппен киінетін азаматтардың да мүддесі ескерілуі тиіс, сондықтан қауіпсіздік пен діни құқық арасындағы нәзік тепе-теңдікті табу маңызды дейді сарапшы. Яворский бұл заңды Конституцияға қайшы деп бірден айту қиын екендігін, дегенмен толықтырулар мен нақтылаулар қажет екенін алға тартады.
Өзге елдер бұл мәселені қалай реттеген?
Бет-әлпетті жабатын киімге шектеу қою тек Қазақстанда емес, әлемнің біраз мемлекетінде енгізілген немесе талқыланған. Әлемде кемінде 20 шақты ел қоғамдық орындарда ниқаб киюге тыйым салған. Олардың қатарында Еуропаның біраз зайырлы демократиялық мемлекеттері де, кейбір мұсылман мемлекеттері де бар. Солардың тәжірибелерін саралап көрсек:
- Франция: Ниқабқа қоғам ішінде қатаң тыйым енгізген алғашқы елдің бірі. 2010 жылы Франция парламенті қоғамдық орындарда жүзді толық жабатын киім киюге тыйым салатын заң қабылдап, 2011 жылдан бастап іске асырды. Көшеде, саябақта, дүкенде, көлікте және өзге де қоғамдық кеңістікте бетін тұмшалап алған әйелдерге 150 еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Франция үкіметі бұл қадамды республика құндылықтарын, зайырлылық қағидатын және қоғамдағы қауіпсіздік пен «бірге өмір сүру» мәдениетін қорғау мақсатында қажет деп түсіндірді. Алайда, заң қабылданған сәттен бастап француз қоғамында да, халықаралық деңгейде де үлкен дау туды. Елдегі мұсылман қауымы өкілдері мен кейбір құқық қорғаушылар бұл тыйымды мұсылмандарды кемсітетін саясаттың көрінісі деп бағалады. Дегенмен, 2014 жылы Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот Францияның бұл заңын адамның діни құқығын бұзбайды деп шешім шығарды (мемлекет қауіпсіздік пен қоғамдағы ынтымақ үшін осындай шектеу қоюға құқылы деп тапты).
- Бельгия: 2011 жылдан бастап Бельгия да қоғамдық орындарда ниқаб сияқты бетті толық жабатын киімдерге тыйым енгізді. Ережені бұзғандарға 150 еуро шамасында айыппұл салынады және қайталап заң бұзса, қамауға алу жазасы да қолданылуы мүмкін. 2017 жылы Еуропалық адам құқықтары соты Бельгияның ниқаб пен бүркенішке тыйым салған заңын да адамның фундаменталды құқықтарына қайшы емес деп қуаттады. Бұл елде тыйым енгізілгенімен, мұсылман әйелдерінің өте аз бөлігі ниқаб киетіндіктен, заңның тікелей әсері шектеулі болды деп саналады. Ьірақ символикалық тұрғыда бұл шешім Еуропадағы интеграция және исламофобия талқыларының өзегіне айналды.
- Швейцария: Бет-жүзді жабуға тыйым енгізген ең жаңа елдердің бірі. 2021 жылы референдум арқылы шағын басымдықпен мақұлданған тыйым 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Жаңа заң бойынша Швейцарияда қоғамдық орындарда адамның бетін жабуға тыйым салынады, оны бұзған адамға 1000 швейцар франкіне дейін (шамамен 1 140 АҚШ доллары) айыппұл салынуы мүмкін. Заңды дайындағандар бұл шараны қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп үшін қажет десе, Швейцариядағы мұсылман қауымдастықтары референдум нәтижесін сынға алып, оны діни еркіндікке нұқсан келтіреді деп бағалады. Айта кетерлігі, заңда бірқатар ерекше жағдайлар қарастырылған: діни орындарда, денсаулық және қауіпсіздік себептерімен, ауа райы қолайсыздығына байланысты, ұлттық дәстүрге сай шараларда және суретке түсу, жарнама-бейне түсірілімде бетті жабуға болады. Сондай-ақ, сөз бостандығы мен жиналу бостандығын жүзеге асыру үшін қажет жағдайда жергілікті билік рұқсат етсе, бет жабуға уақытша мүмкіндік бар.
- Түркия: Халықының басым бөлігі мұсылман саналатын зайырлы мемлекет болғанымен, Түркияда да өз тарихында діни киімге қатысты шектеулер болған. Атап айтқанда, 20-ғасырдан бастап Түркия билігі мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында әйелдердің басына орамал (хиджаб) тағуына тыйым салып келді. Бұл тыйым, әсіресе 1997 жылғы әскери төңкерістен кейін қатаң орындалып, студенттер, мұғалімдер, шенеуніктер сияқты көпшілік орындарда жұмыс істейтін әйелдер орамалын шешуге мәжбүр болды. Діни киімді шектеу шаралары сол кездегі конституциялық зайырлылықты қорғау қадамы ретінде түсіндірілсе де, жүз мыңдаған әйелдің білім алу және қызмет ету мүмкіндігін шектеді. 2013 жылы Түркияда билікке исламшыл көзқарастағы Әділет және даму партиясы келіп, көп жылдық хиджабқа тыйымды толықтай алып тастады. Қазір Түркияда қоғамдық орындарда ниқаб не хиджаб киюге тікелей тыйым жоқ, керісінше мемлекеттік қызметкерлерге де орамал тағуға рұқсат берілген. Дегенмен, Түркия тәжірибесі көрсеткендей, діни киімге тыйым қоғамда ұзақ жылдар талас-тартыс тудырып, саяси күштер оны өз мүддесіне пайдалануға тырысқан. Соңғы жылдары зайырлы оппозициялық партиялар да бұрынғы қатаң ұстанымын жұмсартып, әйелдердің орамал тағу құқығын құрметтейтінін жария түрде мойындауға мәжбүр болды.
- Өзбекстан: Орталық Азиядағы көршіміз 2023 жылдың қазан айында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тануға мүмкіндік бермейтін киім киюге тыйым салатын заң қабылдады. Президент Шавкат Мирзиёев қол қойған бұл құжат «Қауіпсіз қала» бейнебақылау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында енгізілгені айтылды. Өзбек заңында да медициналық, кәсіби, мәдени не спорттық қажеттілікке байланысты уақытша бет жабуға рұқсат бар. Ал заңды бұзғандарға 445 мыңнан 890 мың сумға дейін (шамамен 405-810 доллар) айыппұл салу көзделген. Ресми тұлғалар бұл қадамды экстремизмнің алдын алу және зайырлы қоғам құндылықтарын қорғау ниетімен байланыстырды. Айта кетсек, Өзбекстанда тәуелсіздік жылдары ислам атрибутикасына түрлі шектеулер болып келді, тек 2018 жылдан бастап әйелдердің қоғамдық орындарда орамал тағуына қойылған кей тыйымдар жұмсартылды. Дегенмен, ниқаб, пәренжі кию іс жүзінде кең таралмаған және ресми тұрғыда құпталмайды.
- Қырғызстан: Бұл елде бет-әлпетті толық жабатын киімге тыйым 2023 жылдың ақпан айынан бастап заңды күшіне енді. Қырғызстан парламенті қабылдаған заң бойынша қоғамдық орындарда ниқаб киюге тыйым салынды, оны бұзған әйелдерге 20 мың сом (шамамен 230 доллар) көлемінде айыппұл қарастырылған. Депутаттар ниқабты қоғамда қауіпсіздікке қатер төндіретін, адамдардың идентификациясын қиындататын киім деп түсіндірген. Жаңа заң ниқабқа тыйым салғанымен, орамал мен ашық жүзді хиджаб киюге еш шектеу жоқ екені арнайы атап көрсетілді. Қырғызстанда бұл тақырып көп жыл қызу талқыланып, әсіресе соңғы жылдары елдің кейбір өңірлерінде ниқаб киген әйелдердің көбеюі депутаттардың алаңдаушылығын тудырған еді. Заң қабылданғанда да қырғыз қоғамында пікірталас болды, бір тарап оны қолдап, екінші тарап артық шектеу деп сынға алғаны байқалды.
Сонымен қатар, бет тұмшалауға қатысты қатаң саясат жүргізетін басқа да елдер бар. Мәселен, Тәжікстан 2024 жылы «дәстүрлер мен мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізіп, «ұлттық мәдениетке жат» саналатын киімді киюге, сатуға және жарнамалауға тыйым салды. Бұл термин тәжік билігінің сөз қолданысында негізінен исламдық үлгідегі әйел киімі – хиджаб пен ниқабты меңзейтіні айтпаса да түсінікті. Жаңа заң бойынша талапты бұзған жеке тұлғаларға шамамен 740 доллар, лауазымды тұлғалар мен ұйымдарға бұдан бірнеше есе жоғары айыппұл салынбақ. Тәжікстан зайырлы мемлекет ретінде бұған дейін-ақ мектептер мен мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге бейресми тыйым салып келген, енді оны заң жүзінде бекітіп отыр.
Ал Түрікменстанда арнайы заңнамалық тыйым болмаса да, соңғы жылдары билік қоғамдық орындарда әйелдердің исламдық үлгідегі киім киюіне жол бермейді, мемлекеттік мекеме, оқу орындарында тек дәстүрлі түрікмен ұлттық киімін кию талап етіледі.
Халықаралық ұйымдардың хабарлауынша, түрікмен билігі көшеде орамал тағып жүрген әйелдердің де кейде жабуын шешкізіп жібереді екен. Ресми Ашхабат мұны ұлттың дәстүрлі келбетін сақтау және сырттан келген жат діни сәнге қарсы саясат деп түсіндіреді.
Қазақстандағы қазіргі ахуал және қоғамның пікірі қандай?
Парламент заң жобасын талқылай бастаған сәттен-ақ қоғамда бұл тақырыпқа қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында сан түрлі көзқарас айтылуда: біреулер мемлекеттік қауіпсіздік үшін қажет шара деп құптаса, енді біреулер «Бұдан маңызды проблема жоқ па?» деп сынайды. Тағы бір топ азаматтар мұны адамның жеке еркіндігін шектеу деп наразылық білдіруде. Мысалы, кей тұрғындар «Бетінің бәрін жауып алса, оның ішінде кім бар екенін білмейсің ғой... Мүмкін террорист шығар. Бетін ашып жүру керек» деп, жаңа тыйымды қолдайтындарын айтады. Ал кейбірі «Жалпы, ондай заңның шыққанына қарсымын... Дұрыс емес деп ойлаймын. Ол біздің дініміз ғой» деп, діни сенімге қол сұғу ретінде қарайды.
Заң қабылданғаннан кейін ресми органдар мен сарапшылар да өз бағаларын бере бастады. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы жаңа өзгерістерді қолдайтынын ашық мәлімдеп, елімізде мұндай тыйымның енгізілуін құптайтынын білдірді. ҚМДБ қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік үшін әрбір азамат мемлекет заңына бағынуы тиіс дейді және ислам діні де тәртіпке бағынып, ел тыныштығына үлес қосуға үндейтінін алға тартты. Діни басқарма өкілдері ниқаб пен пәренжі кию Қазақ халқында дәстүр болмағанын, сондықтан бұл шектеуді дінге қысым деп қабылдамауға шақырады. Мұндай үндеу елдегі діндар қауымды сабырға шақырып, заңға қарсы келмеуге үндеген қадам деуге болады.
Тәуелсіз дінтанушылар да негізінен ниқабқа тыйымды қолдап отыр. Мысалы, жоғарыда айтылған Елнар Берікбаев ниқабтың шариғатта міндетті еместігін түсіндіріп қана қоймай, оның қауіпті тұстарын да атап өтті. Сарапшының айтуынша, қара киініп, бет-аузын толық тұмшалаған адам қасындағыларға күдік пен қорқыныш ұялатады, оның әйел не еркек, бейбіт жан ба, әлде қылмыскер ме, ажырату қиын.
Халықаралық тәжірибеде орын алған жайттарға көз салсақ, лаңкестердің ниқабты өз пайдасына жаратқан оқиғалары аз емес. Елнар Берікбаев Ауғанстанда пәренжі киіп алып теракт жасаған жағдайлар болғанын, экстремистер осындай киіммен полицияға жақындап атып кеткен мысалдар барын айтады. Сол сияқты, Пәкістан, Сомали, Дағыстанда да террористер әйел кейпіне еніп, ниқабпен қастандық әрекеттерін жүзеге асырғаны тіркелгенін еске салады. Мұндай фактілерді тізбелей келе, сарапшы қоғам қауіпсіздігі үшін ниқаб сияқты белгісіздікті арттыратын киімдерге тыйым орынды деп санайды. «Кешіріңіз, сіздің құқығыңыз басқа адамның құқығы басталған жерде аяқталады. Бет-жүзін жасырып, қап-қара киініп алғандардың жанында адамдар өзін жайсыз сезінеді, сескенеді. Алдыңда тұрған кім екенін білу мүмкін емес», – дейді ол.
Бірқатар құқық қорғаушылар мен заңгерлер, керісінше, бұл мәселені асқан сақтықпен қарастыруға шақырады. Жоғарыда пікір білдірген Е.Яворский сияқты сарапшылардың ойынша, заң тетіктері толық айқын болмай, ерікті түсіндірулерге жол ашпаса, жазықсыз адамдардың жапа шегуі мүмкін. Олар әсіресе діндар әйелдердің құқығы шектелмеуі тиістігін, қоғамда радикализмнің алдын аламыз деп жүріп, керісінше кей топтарды мемлекеттің өзінен оқшаулап алмауды ескертеді. Ал билік өкілдері жаңа нормаға қатысты түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Полиция қызметкерлері шілде айынан бері халыққа бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салынғанын хабарлап, алдын алу шараларына басымдық беруде. Яғни, күштік құрылымдар алғашқы кезеңде жазалау емес, насихат және ескерту жолымен іске асыруды көздеп отыр.
Қоғамда қызу пікірталас тудырған бұл бастаманың болашақта қандай нәтижеге әкелетінін уақыт көрсете жатар. Әзірге жаңа тыйымға қатысты сұрақ көп, нақты жауап аз екені рас. Басты түйткіл – заңның қалай іске асатыны және шын мәнінде қоғам қауіпсіздігін арттыруға әсері қандай болмақ. Мемлекет қолға алған осы шара өзінің тиімділігін дәлелдеп, жұртшылық күмәнін сейілту үшін әділетті және ашық орындалуы қажет.
Заң бұзғандарға қандай шара қолданылады?
Қазақстандағы бет-әлпетті жабуға тыйым салатын норма 2025 жылғы 30 маусымда қабылданып, Президент қол қойған заңмен енгізілді. Тиісті түзету «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға қосылып отыр. Атап айтқанда, жаңа заңның мәтінінде: «Қазақстан Республикасының заң талаптарын орындау, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерді атқару, медициналық мақсаттар, азаматтық қорғаныс, ауа райының ерекшеліктері, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын адамдарды қоспағанда, қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салынады» деп нақты жазылған. Заң 12 шілдеден бастап күшіне енді.
Осы түзету қағидаттық тұрғыда жаңа талап енгізгенімен, оны бұзған жағдайда қандай жаза қолданылатыны тікелей көрсетілмеген. Заң қабылданар кезде ІІМ өкілдері бұл норманың «профилактикалық сипатта» екенін, арнайы әкімшілік немесе қылмыстық жаза көзделмегенін мәлімдеді. Демек, бет-жүзін тұмшалап жүрген адамға бірден айыппұл салу немесе қылмыстық іс қозғау қарастырылмаған, алдымен полиция ондай азаматқа түсіндіру жұмысын жүргізіп, заң талабын орындауды сұрайды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, басты мақсат – «азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектемей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұлғасын анықтау және қоғамдық тәртіпті сақтау». Сол себепті жаңа шектеуге алғашқы кезеңде бейімделу кезеңі болады деп күтілуде.
Дегенмен, заң талабын қасақана елемей, бет-аузын бүркемелеп жүре беретіндер табылған жағдайда, оларға жанама баптар бойынша жаза қолданылуы мүмкін. Мысалы, полиция ескертуіне бағынбаса, «құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына мойынсұнбау» деп Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің тиісті бабымен жауапкершілікке тартуы ғажап емес. Сондай-ақ, экстремизм не терроризм қаупі бар деп танылса, ұлттық қауіпсіздік органдары да шара қолдана алады. Алайда, ресми орындар негізгі үмітті халықтың санасына және түсіністігіне артып отыр. Заңның мәтіні жазалауға емес, алдын алуға негізделгені бірнеше мәрте айтылды. Бұл туралы ҚМДБ да өз үндеуінде «бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес» екенін баса айтты.
Жаңа норманың құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Конституциясындағы ережелерге қайшы емес деп бағаланады. Ата Заң бойынша әркімнің ар-ождан және дін бостандығы бар, бірақ оның басқа адамдардың құқықтары мен бостандығын бұзбауы тиіс. Конституцияда тікелей «адамның бет-жүзін жабуға тыйым» туралы норма жоқ, сондықтан бұл заңды конституциялық жолмен даулауға мүмкіндіктің шектеулі екені айтылды. Сонымен бірге, Қазақстан қол қойған халықаралық келісімдер, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт, қоғамдық қауіпсіздік мақсатында дін бостандығын заңмен шектеуге жол береді. Әрине, кез келген шектеу қажетті және өзара салыстырмалы (пропорционал) болуы шарт. Қазақстан үкіметі бет тұмшалауға тыйымды осындай қажетті шара деп негіздеп отыр.
Заңнамаға енгізілген өзгерістер басқа да қатарлас актілермен толықтырылып, күшіне енді. Атап айтқанда, бет жабуға тыйым салу туралы норма 2023 жылғы 5 шілдеде қабылданған №296-VII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін, әскери және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңның құрамында рәсімделді. Бұл – бірқатар заңнамалық актілерге түзету енгізген кешенді заң, соның ішінде «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңға жоғарыдағы бет жабу бойынша шектеуді қосып отыр. Сондықтан жаңа норманың орындалуын бақылау жалпы құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесіне жүктеледі.
Қазақстандағы қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабуға тыйым салу – қауіпсіздік саласындағы әлемдік тенденцияларға сай қабылданған қадам. Оның тиімді я тиімсіз екенін алдағы уақыт көрсетпек. Бір жағынан, бұл шара құқық қорғау органдарына қылмыстың алдын алып, қоғам тыныштығын сақтауға қосымша мүмкіндік береді деп күтіледі. Екінші жағынан, кей сарапшылар оның іске асырылуы барысында жеке өмірге қол сұғу мен діни құқықтарды шектеуге жол бермеуді қадағалау керектігін ескертеді. Әзірге мемлекет органдары мен қоғамдық институттар арасында диалог жүріп жатыр: полиция түсіндіруде, діни басқарма қолдауда, ал құқық қорғаушылар талдап, толықтырулар ұсынуда. Уақыт пен тәжірибе бұл шектеудің қоғамға әсерін және қажет екенін дәлелдей жатар. Ең бастысы – қандай заң болса да, оның түпкі мақсаты қоғам игілігі мен қауіпсіздігіне қызмет ететіні халық тарапынан сезілсе, жүзеге асуы да нәтижелі болмақ.

