©El.kz/Артем Чурсинов

Қазақстанда байланыс қымбат, ал интернет сапасы әлі де төмен

Қазақстанда мобильді байланыс пен интернетке жұмсалатын шығын көршілес ірі елдермен салыстырғанда қымбат, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Елімізде мобильді байланыс неге қымбат?

LS мәліметінше, қазақстандықтар ұялы телефонға арналған ең қолжетімді тарифтік жоспарға (10 Гб интернет пен қоңыраулар пакеті) орта есеппен 4,7 мың теңге жұмсайды.

Бұл Ресей тұрғындарының шығынынан (3,4 мың теңге) шамамен 40%-ға қымбат, ал Өзбекстанмен салыстырғанда 2,3 есе жоғары (2 мың теңге).

Аймақтағы басқа елдердегі жағдай:

Қырғызстан – 2,8 мың теңге

Беларусь – 4,4 мың теңге

Қытай – 4,6 мың теңге

Түркия – 5,1 мың теңге (Қазақстаннан қымбат)

Ал дамыған елдерде байланыс құны әлдеқайда жоғары:

Жапония – 12,4 мың теңге

Германия – 13,8 мың теңге

ОАР – 18,1 мың теңге

Оңтүстік Корея – 18,5 мың теңге

АҚШ – 31,2 мың теңге

БАӘ – 28,5 мың теңге

Үйдегі интернет те арзан емес

Қазақстанда интернет бағасы да Ресейден қымбат. Ел ішінде жылдамдығы 60 Мбит/с-тен жоғары шексіз кеңжолақты интернет айына орта есеппен 6,8 мың теңге тұрады. Ресейде бұл қызмет 4,2 мың теңгемен шектеледі.

Басқа елдердегі орташа бағалар:

Қырғызстан – 5,9 мың теңге

Қытай – 5,7 мың теңге

Өзбекстан – 6,3 мың теңге

Беларусь – 6,2 мың теңге

Түркия – 7,1 мың теңге

Ең қымбат интернет:

Оңтүстік Корея – 11 мың теңге

Жапония – 16,4 мың теңге

ОАР – 21 мың теңге

Польша мен Ұлыбритания – 20 мың теңгеден жоғары

АҚШ – 37,1 мың теңге

БАӘ – 50 мың теңге

Абоненттер саны өсіп келеді

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанда ұялы байланыс абоненттерінің саны 27,321 млн адамға жеткен. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 4,9% көп.

Интернетке қолжетімділігі бар абоненттер саны 19,318 млн адамды құрап, бір жылда 2,8% артқан. Соңғы төрт жылда ұялы байланыс абоненттері шамамен 3 млн адамға көбейген.

4G-мен қамту: Қазақстан – ТМД елдеріндегі аутсайдер

Нарықтағы оң динамикаға қарамастан, салада құрылымдық мәселелер сақталған. Соның ішінде ең өзектісі – өңірлердегі байланыс сапасының төмендігі. Ауылдық аймақтарда, шағын елді мекендерде, шалғай жолдарда тұрақты мобильді интернет әлі де қолжетімсіз немесе жылдамдығы өте төмен.

Бұл жағдай цифрлық теңсіздікті күшейтіп, экономиканы цифрландыру мен халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік жоспарларға кедергі келтіруде.

Бұл мәселе үкімет деңгейінде де бірнеше рет көтерілді. Қазан айының соңында премьер-министр Олжас Бектенов азаматтардың интернет сапасына қатысты шағымдары әлі де көп екенін атап өтті.

Тұрақты интернет – сән-салтанат емес, базалық қажеттілік. Соған қарамастан жолдардағы әлсіз байланысқа, ауылдардағы баяу интернетке, тіпті ірі қалаларда жаппай іс-шаралар кезінде желінің істен шығуына қатысты шағымдар азаймай тұр, – деді Үкімет басшысы.

4G көрсеткіші неге маңызды?

Халықтың байланыспен қамтылуын бағалауда халықаралық тәжірибеде 4G (LTE) технологиясының таралу деңгейі негізгі көрсеткіш ретінде қолданылады.

Себебі:

  • 4G – қазіргі таңда жаппай қолданылатын, цифрлық сервистерге жеткілікті жылдамдық беретін технология;
  • 5G әлі жаппай қолданысқа енген жоқ;
  • 3G технологиясы ескірген және қазіргі қажеттіліктерді өтемейді.

Сондықтан 4G қамтуы мобильді инфрақұрылым дамуының объективті индикаторы саналады.

Өзбекстан мен Қырғызстаннан кейін

Халықаралық электрбайланыс одағының (ITU) дерегіне сәйкес, Қазақстанда 4G қамту деңгейі – 91,6%. Бұл ТМД елдері арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Бізден кейінгі орында Тәжікстан ғана тұр – 80%.

Салыстыру үшін:

Әзербайжан – 100%

Армения – 100%

Грузия – 99,7%

Қырғызстан – 99,4%

Беларусь – 99%

Өзбекстан – 97%

Ресей – 93%.

Сонымен қатар Қазақстанның көрсеткіші әлемдік орташа деңгейден (92,7%) де төмен.