Жаңалықтар

Қазақстанда барлық оқушылар мен студенттерге қаржылық сауат оқытылады – Ақмарал Бекмұрзаева

Қазақстанда барлық оқушылар мен студенттерге қаржылық сауат оқытылады – Ақмарал Бекмұрзаева
Фото: «Қарызсыз қоғам» 01.09.2024 15:32 916

Жеке қаражатты басқару қабілеті жылдан-жылға өзекті болған уақытта Қазақстан қаржылық сауат бойынша жаңа пән енгізіп, білім беру ісіндегі маңызды қадамға дайындалуда. Бүгінгі сұхбатта «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева қазақстандық оқушылар арасында қаржылық сауатты қалыптастыруға Финляндия мен Эстония тәжірибесі қалай көмектесетінін айтып берді.

El.kz: Ақмарал Бағытбекқызы, қазақстандық мектептерге қаржылық сауат пәнін енгізу үшін қандай жұмыстар атқарылды?

Ақмарал Бекмұрзаева: Өткен жылы «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыра бастағанда, халық арасында несие мен қарыз проблемасының қаншалықты ауқымды екенін көрдік. Ақшаны дұрыс тұтыну мәдениетін бала кезден қалыптастыру керек екенін түсіндік. Сондықтан мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауат пәнін қосу қажет болды. Өткен жылдың қазан айында жол картасы әзірленіп, Оқу-ағарту министрлігімен және Жоғары білім және ғылым министрлігімен ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді. 2024 жылдың басында балалар мен студенттерге қаржылық сауат пәнінің білім беру базасын дайындаумен айналысатын жоба әдіскерлерін іріктеп алдық.

Шын мәнінде бұл «Қарызсыз қоғам» жобасы жасаған ұзақ жол. Біз мектептердегі, колледждердегі және ЖОО-дағы барлық білім базасын егжей-тегжейлі зерттедік. Осылайша Қазақстанда қаржылық сауат дербес пән ретінде мектептерде, колледждер мен ЖОО-да оқытылмайтынын анықтадық. Оның орнына оқушылар «Жаһандық құзыреттілік» курсын, ал колледждер мен ЖОО студенттері – Кәсіпкерлік курсын оқиды. Біз оқулық пен әдістемені жасау бойынша жұмысты бастағанда 513 мыңнан астам адам, оның ішінде мұғалімдер, мектеп оқушылары мен ата-аналар қатысқан зерттеу жүргіздік.

Зерттеу көрсеткендей, ел мектептерінің 19%-ында қаржылық сауатты қамтитын «Жаһандық құзыреттілік» курсы мүлдем жүргізілмейді. Сондай-ақ, мұғалімдердің 80% -ы оқу материалының жоқтығын, интернеттен ақпарат іздеуге мәжбүр екендерін айтқан. Оған қоса, мұғалімдер бұл пәнді оқытуға еш дайын емес. Бағалау жүйесінің болмауы және оқушылар ынтасының төмендігі де – үлкен мәселе. Балалар қаржылық сауат сабақтары көбінесе соңғы сабақтарға қойылатынын және көпшілігі оған жай ғана қатыспайтынын айтқан, өйткені бұл элективті курс. Осылайша, біз оқушылардың қаржылық сауаты бойынша базалық білімді қалыптастыруға кедергі келтіретін бірқатар проблеманы анықтадық.  

Бұл ретте «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесі жанынан құрылған әдіснамалық топпен жұмыс істедік. Олар халықаралық тәжірибені зерттеп, Финляндия мен Эстонияға назар аударуды ұйғарды, өйткені Эстония 2022 жылы PISA зерттеуінің нәтижелері бойынша қаржылық сауаттан бірінші орынды иеленген. Біздің әдіснамалық топ осы елдерге барып, олардың мектептерін, колледждері мен жоғары оқу орындарын зерттеді. Финляндия мен Эстонияда қаржылық сауат балаларға оқытылатын барлық пәндерге интеграцияланған.

Финдер бір кездері ЖОО-дағы қаржылық сауат пәнін алып тастағанын, соның салдарынан халықтың несиеленуі артып кеткенін айтты. Яғни олар қаржылық сауат мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болуы керек және балабақшадан басталуы керек деген қорытындыға келді. Біз мұнымен толық келісеміз және оны үздіксіз ұзақ мерзімді оқу процесі ретінде көріп отырмыз.

El.kz: Әдістемелік топ туралы толығырақ білгіміз келеді, топ мүшелері қалай іріктеп алынды?

Ақмарал Бекмұрзаева: Әдістемелік топ 15 адамнан тұрады. Мұнда ашық конкурс жарияланды, оған барлық тілек білдірген әдіскерлер қатысты. Топқа Назарбаев зияткерлік мектептері, Назарбаев университеті құрылымдарының тәжірибелі әдіскерлері, қаржылық сауатты оқытатын тәуелсіз қаржы сарапшылары кірді. Команданың басым бөлігі – «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, білім беру бағдарламаларын жазған әлемдік ЖОО түлектері. Оған қоса, білім беруде 40 жылдан астам тәжірибесі бар әдіскерлер бар. Біз халықтың қаржылық сауат бойынша өзекті сұраныстарын ескереміз және оқушылардың жас санатына сәйкес курсты әзірлейміз.

Қазақстанда барлық оқушылар мен студенттерге қаржылық сауат оқытылады – Ақмарал Бекмұрзаева

«Қарызсыз қоғам»

El.kz: Жұмыс тобы Финляндия мен Эстонияға барып, олардың тәжірибесін зерттегені белгілі. Олардың оқыту әдістемесі біздікінен қалай ерекшеленеді?

Ақмарал Бекмұрзаева: Иә, бұл бірегей тәжірибе болды: табысты оқыту бағдарламаларының құпиясы жоғары білікті мамандарда жатыр. Біз еліміздегі қаржылық сауатты оқыту сапасын зерттей отырып, мұғалімдердің дайын еместігін түсіндік. Сауалнама көрсеткендей, көп жағдайда дене шынықтыру, тарих, орыс тілі, әдебиет, еңбек пәнінің мұғалімдері қаржылық сауатты үйретеді. Әйтсе де, бұл алынбайтын қамал емес, мәселенің шешімі өте оңай. Финляндия мен Эстонияда дене шынықтыру мұғалімдері арнайы курстан өтіп, әдістемемен танысқаннан кейін қаржылық сауаттан сабақ бере алады. Біз бұл тәжірибені өзімізде қолданамыз деп үміттенеміз.

El.kz: Екі елдің табысты тәжірибесін біздегі оқыту әдістемесіне қалай енгізесіздер?

Ақмарал Бекмұрзаева: Финляндия мен Эстонияның тәжірибесін ескере отырып, бізге өз әдістемемізді жасау керек. Біздегі менталитет, заңнама мен мәдениет басқа болғандықтан, дайын әдісті сол күйінде қабылдай алмаймыз. Біздің мектептерде экономистер мен қаржыгерлер жетіспейді және барлық математиктерді балаларға қаржылық сауатты үйрет деп мәжбүрлей алмаймыз. Алайда, финдер мен эстондықтар айтқандай, кез келген мұғалім осы пәнді оқыта алады, ең бастысы, тиісті дайындықтан өтуі керек. Биыл 7,5 мыңға жуық мұғалімді осы білімді балаларға бере алатындай етіп даярлауды жоспарлап отырмыз.  

El.kz: Бұл іссапарда табысқа жетудің нақты мысалдары көрсетілді ме?

Ақмарал Бекмұрзаева: Иә, оларда көптеген озық тәжірибелер бар. Мысалы, қаржылық сауатты оқыту балабақшадан басталады, онда балалар дүкенге бару, ақшаны жұмсау, қайтарым ақша, чек, тұтынушы құқығы секілді практикалық мысалдар негізінде үйренеді. Бастауыш сыныптарда балаларға әлеуметтік жауапкершілік туралы айтылады, егер кездейсоқ аялдамаға, мемлекеттік мүлікке залал келтірсе не болатыны, ол үшін ата-анасы қанша айыппұл төлейтіні түсіндіріледі. Бұл біздің қоғам үшін өзекті мәселе – вандализмнің салдарын түсінуге көмектеседі.

Жоғары сыныптарда бизнес арқылы қаржылық сауат оқытылады. 9-12 сынып оқушылары өз бизнесін ашады, өнімдер жасайды, маркетингтік стратегияларды әзірлейді және капиталға үлес қосатын және дивидендтер алатын инвесторларды тартады. Онда тегін гранттар жоқ және балалар бизнестің жауапкершілігін түсінеді. Бұл жүйе оларға мұның оңай келген ақша емес, қайтарылатын инвестиция екенін түсінуге көмектеседі.

Біз эстондық Junior Achievement компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бұл жоба 100 жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлемде, соның ішінде Әзербайжан мен Гүржістанда жұмыс істеп тұр. Бұл елдерде жасөспірімдер кәсіпкерлікті дамыту арқылы қаржылық сауатты үйренеді. Осылайша балалар кім болғысы келетінін (кәсіпкер немесе жалдамалы қызметкер) түсінеді. Өзінің бизнеске арналмағанын түсінген балалар стандартты білім мен кеңсе жұмысына барады. Басқалары, керісінше, таланттарын аша түседі және жетістікке жетеді.

Табысты кейс мысалы ретінде финляндиялық оқушының формулалар мен шпаргалка парақтары бар дәптерін келтіруге болады. Оқушы жобасы айналымы 1 миллиард доллардан асатын үлкен компанияға айналды және 20 жылдан бері сұраныспен сатылып келеді. Финляндия мен Эстония өздерінің стартаптарымен танымал және бұл балалардың кішкентайынан кәсіпкерлік арқылы қаржылық сауатты болуына байланысты. Олар жұмыс орындарын ашады, салық төлейді және ел экономикасын дамытады. Бұл өте маңызды.

El.kz: Яғни, қаржылық сауат елдің әлеуметтік жіктелуіне де әсер етеді ғой?

Ақмарал Бекмұрзаева: Әрине, Еуропа елдерінің де өз проблемалары бар, бірақ біздікінен азырақ. Онда барлығы жұмыс істейді, өз ісімен айналысады, және осы тәсіл мен тәрбие нәтижесінде балалар ешкімнен ештеңе күтпейді. Олар өз өмірлері үшін толық жауапкершілікпен өседі, қоғамның тиімді азаматтарына айналады, әлеуметтік жауапкершіліктің не екенін және ел экономикасының дамуына үлес қосу керек екенін түсінеді.

Олар өздерінің ғана емес, басқалардың да өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру керек екенін түсінеді. Бұл ұғым дәл осылай қалыптасады. Балалар тек қана білімімен банкроттықтан бастап, кәсіпкердің бүкіл жолынан өтеді. Ешкім оларға дайын бизнесті, идеяларды немесе ақшаны бермейді – бұған өздері жетуі керек. Мұндай жол табысты адамдарға жол ашады.

Қазақстанда барлық оқушылар мен студенттерге қаржылық сауат оқытылады – Ақмарал Бекмұрзаева

«Қарызсыз қоғам»

El.kz: Әдетте мектептерде жаңа нәрсе енгізілгенде ата-аналар тарапынан сын айтыла бастайды. Біздің оқушылар жаңа пәнді қалай қабылдауы мүмкін?

Ақмарал Бекмұрзаева: Біздің сауалнамаға қатысқан балалар білім мен мотивацияның өте жоғары деңгейін көрсетті. Қазіргі балалар ғарышкер, экономист немесе заңгер болуды армандамайды. Олар кәсіпкер болғысы келеді, қаржылық тәуелсіздікке жеткісі келеді. Әсіресе ірі қалаларда қор нарықтарына, бағалы қағаздарға және инвестициялауға қызығушылық танытатын көптеген балаларды кездестірдік. Кейбір жоғары сынып оқушылары қазірдің өзінде айына миллион теңгеден астам ақша табады. Қазір веб-дизайн, копирайтинг, СММ сияқты дипломды қажет етпейтін көптеген мамандықтар бар және балалар мұнда жақсы табыс табуда.

Біздің балалар қаржылық сауат пәніне дайын, тіпті өздері сұрап отыр. Мәселе қазіргі жүйе мен мұғалімдердің балалар сұрауын толық қамти алмауында. Ата-аналарға келсек, егер баласы ақша табу жолдарын үйренсе, қарсы болады деп ойламаймын. Бұған кім қарсы болады?

El.kz: Соңғы сұрақ мерзімдер жөнінде болмақ...

Ақмарал Бекмұрзаева: Біз әдістеменің тесттік нұсқасын шығарып, оны сынап көрдік және педагогтар мен мұғалімдерді оқытуды бастадық. Ең бастысы, бұл жүйені бірден енгізбедік, алдымен сынақ режимінде іске қостық. Сын-қатерлерді азайту және барлық мектептерге, колледждерге және ЖОО-ға енгізу үшін тұрақты жүйе құруда қателіктер бойынша жұмыс істедік. Бұл - нормативтік құқықтық актілерге (НҚА) көптеген өзгерістер енгізуді талап ететін орасан зор жұмыс. Қазір қаржылық сауат курсы - екі аптада бір рет өткізілетін элективті курс. Балалардың қаржылық сауатын арттыру үшін сағаттарды қайта қарау керек. Көп нәрсе бейінді министрліктердің бұл мәселелерді қаншалықты тез және тиімді шешетініне байланысты. Олардың жұмысына байланысты біз курсты әрі қарай енгіземіз. 

El.kz: Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға