Қазақстанда балаларға медициналық көмек жаңа форматта көрсетіледі
Мөлдір Қайнар тілші
Қазақстанда балаларға алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету жүйесі өзгереді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Енді ата-аналар регистратураға немесе учаскелік дәрігерге бармай-ақ маманға жазыла алады, ал кейбір жағдайларда баланы медбике де қабылдай алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді.
Педиатр бұрынғыдай басты бағыттаушы болып қалады
Жаңа модельде де учаскелік педиатр дәрігер басты үйлестіруші рөлін атқарады. Егер балада дамуында ерекшеліктер анықталса, ол ерте араласу орталығына жіберіледі. Бұл орталықта патронаждық қызмет іске асырылады, тамақтану, психологиялық және телемедициналық қолдау көрсетіледі. Сонымен бірге, мектеп медицинасы, профилактикалық тексерістер мен вакцинация қызметтері біріктірілген жүйе ретінде жұмыс істейді. Бұл баланың денсаулығын үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.
Медбикелердің дербес қабылдауы енгізіледі
Енді медбикелер кейбір жеңіл жағдайларда балаларды өз бетінше қабылдай алады. Бұған қатысты аурулар тізімі кеңейтілді. Мұндай тәсіл дәрігерлердің жүктемесін азайтып, күрделі науқастарға көбірек көңіл бөлуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл жаңашылдықтың арқасында балаларды қамту көрсеткіші 30%-дан 38%-ға дейін өскені атап өтілді.
Жоспарлы қабылдаулар мен жазылу жүйесі өзгерді
Жаңа формат бойынша хроникалық сырқаты бар балалар алдын ала белгіленген жоспарлы кестемен дәрігерге шақырылады. Бұл жедел жүгінулер мен ауруханаға жатқызу көрсеткішін азайтуға ықпал етеді. Сонымен бірге, енді ата-аналар маманға өз бетінше онлайн немесе басқа тәсілмен жазыла алады — регистратураға немесе учаскелік дәрігерге жолығу міндетті емес.
Диагностика мен тексерулер жеңілдетілді
Енді диагностикалық тексерулердің нәтижелері 10 күн емес, 3 ай бойы жарамды болады. Сондай-ақ, бұрын 507 болған қызмет атаулары 344-ке дейін қысқартылды. Диагностика тек нақты клиникалық көрсеткіштер бойынша, міндетті түрде негіздемемен тағайындалады. Бұл денсаулық сақтау жүйесін артық жүктемеден арылтып, тиімділікті арттыруға бағытталған.
Бұған дейін елімізде медицина қызметтері қымбаттайтыны туралы жазған едік.

