Қазақстанда әр бесінші оқушы буллингке ұшырайды: ата-ана нені ескеруі керек?
UNICEF дерегіне сүйенсек, Қазақстанда әр бесінші оқушы мектепте буллингке ұшырайды, ал әр үшінші бала интернеттегі қорлаудың құрбаны болады. Көп жағдайда балалар мұндай жағдайды ересектерге айтуға қорқады. Осы орайда буллинг кезінде ата-анаға не істеу керегін, мектептің маңызы қандай екені түсіндіреміз.
Мамандардың айтуынша, балалар арасындағы қысымның ең кең тараған түрінің бірі - кибербуллинг. Әлеуметтік желіде мазақ ету, әдейі топтан шеттету, неше түрлі видео жариялау немесе дөрекі сөйлеу - мұның бәрі психологиялық зорлықтың көрінісі.
Көп жағдайда балалар мұны ата-анасынан жасырады. Кейбірі «әлсіз болып көрінемін» деп ойласа, енді бірі жазаланып қалудан қауіптенеді. Ал кейде ата-аналар «мән берме, жағдай түзеледі» деп кеңес береді. Алайда мамандар бұл дұрыс емесін, буллингтің өзі әлсізді басып-жаншу екенін айтады.
Буллинг деген не?
Буллинг – балалар арасындағы ұрыс-керіс немесе бір реттік жанжал емес. Бұл белгілі бір балаға жүйелі түрде жүргізілетін қысым. Мысалы, қатарластары оған психологиялық, физикалық, ауызекі қысым көрсетіп, кибербуллинг жасауы мүмкін.
Айта кетерлігі, буллингте екі тараптың күші тең емес. Әдетте, бір тарап үстемдік етіп, екінші тарап өзін қорғай алмайды. Жағдай үнемі қайталана береді. Ата-ана дер кезінде қолға алмаса, кей бала өзіне қол жұмсауы мүмкін.
Осындайда «балама буллинг жасағанын қалай білемін?» десеңіз, ұл-қызыңыздың бойындағы өзгерісті байқаңыз. Үнемі мектепке барғысы келмесе, үлгерімі төмендесе, сүйікті ісінен (үйірмесінен) бас тартса, тұйық не мазасыз болса, мектеп өмірі туралы жақ ашпаса, тәбеті не ұйқысы бұзылса, дабыл қағыңыз. Одан бөлек, денесі көгеруі, киімі жыртылуы не бір заты жоғалуы мүмкін. Жиі ақша сұрап, телефонын жасырса да күдіктенуге негіз бар. Десе де, алдымен, мінезіндегі өзгерісті байқап, әрекетке көшкен дұрыс.
«Жуас қой жүндеуге жақсы»
Иә, осы мақалды қаперде ұстаңыз. Өйткені агрессор қарсылық
көрсете алмайтын, өзін қорғауды білмейтін балаларды таңдайды. Психологтар буллер үшін баланың келбеті, киімі, әлеуметтік жағдайы және тағы басқасы жай ғана сылтау болуы мүмкін екенін алға тартады. Негізі, ол өзі үшін «тұра алмайтын» баланы әдейі таңдайды. Сондайда бала не істеу керегін білсе, ішкі тірегін көрсете алса, буллер де сескенеді.
Айтпақшы, кез келген бала буллерге айналмайды. Көбінесе, үйінде қатал тәрбие көрген, эмоциясын шығара алмайтын, өзгенің алдында әлсіз көрінгісі келмейтін, бұрын өзі де қорлық көрген бала оп-оңай буллерге айналуы мүмкін.
Балаңыз буллингке ұшыраса, не істеу керек?
Ең алдымен, баланы кінәламай, сабырмен тыңдаңыз. Сөз арасында
«Мен сені тыңдап отырмын», «бұл сенің кінәң емес», «біз бұл мәселені бірге шешеміз» деп айту маңызды. Одан кейін мектепке хабарласып, сынып жетекшісімен немесе мектеп әкімшілігімен сөйлесу қажет. Егер мектеп тарапынан әрекет болмаса, білім бөліміне немесе құқық қорғау органдарына жүгінуге болады. Өйткені мектеп – баланың қоғаммен қарым-қатынасын бекітетін орта. Сынып жетекшісі оқушыны мазақтағанын, оған басқасы агрессия көрсеткенін байқамаса, елемесе жағдай қиындайды. Себебі мұғалімнің реакциясы буллингке ұшыраған бала үшін де, агрессор үшін де келесі қадамның қандай болатынын көрсетеді. Елемей жатса, буллер «маған бәріне рұқсат екен» деп есіруі мүмкін.
Қазақстанда буллингке заң жүзінде тосқауыл бар. «Бала құқықтары туралы» заңға сәйкес, әр бала физикалық және психологиялық зорлықтан қорғалуға құқылы. Буллинг үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік, 16 жастан бастап әкімшілік жауапкершілік бар. Егер баланың жасы кіші болса, жауапкершілік ата-анаға жүктеледі. Алғашында олар 43 250 теңге айыппұл төлесе, тағы қайталанса 129 750 теңгеге дейін өседі.
Буллингтің салдары қандай?
Буллинг бала психологиясына әсер етіп, жағдайды ұзақ уақыт ұпытпайды. Депрессияға түсіп, адамдарға сенбей, әлеуметтен оқшаулануы мүмкін. Сол үшін ересектер бейжай қалмай, баланың әр сөзіне мән беріп, тыңдап, қолдау көрсетуі керек. Нақты әрекет ету, жағдайды анықтап, кінәлілерді табу – баланы қорғаудың басты тәсілі. Бастысы, ұл-қызыңыз қоғамнан оқшауланбай, қандай жағдай болса да сізбен бірінші болып тілдесетіндей жақын қарым-қатынас орнатыңыз.

