Жаңалықтар

Қазақстанда Ақсақалдар кеңесінің бірінші республикалық отырысы өтті

Қазақстанда Ақсақалдар кеңесінің бірінші республикалық отырысы өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі 01.12.2023 23:27 1137

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік Ақсақалдар кеңесі төрағаларының қатысуымен республикалық отырыс өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап. 

Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясының меңгерушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, өңірлік Ақсақалдар кеңесі төрағалары қатысты.

Өткен жылдың қараша айында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы өңірлік кеңестердің қызметін жолға қоюды, жұмысын жүйелеуді, сондай-ақ олардың мәртебесі мен ықпалын арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған еді.

Кеңес қазір облыс орталықтарында, өңірлік ҚХА жанынан, аудандарда, ауылдық округтер мен ауылдарда тиісті әкімшілік-аумақтық әкімдіктерінің жанынан құрылды. Олардың құрамына танымал тұлғалар,  пікір көшбасшылары, этномәдени, ардагерлер бірлестіктері мен басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілі кірді. Жалпы, әртүрлі деңгейлерде 1 116 кеңес құрылып, оның құрамында 7 463 азамат бар.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі «Ақсақалдар кеңесі еліміздің қоғамдық, мәдени және саяси өміріне, сондай-ақ этносаралық ахуал мен қарым-қатынасқа кері әсер ететін мәселелерді шешуге белсенді қатысады. Ұлттық құндылық пен дәстүрді сақтау, насихаттау бойынша жұмыстар жүргізіп, өскелең ұрпаққа тәжірибесі мен білімін бөлісуде», - деп атап өтті.

Ал ақсақалдар жастармен жұмыс істеуде патриотизмді ілгерілету мәселесі жолға қойылғанын айтты. Сындарлы қарым-қатынасты нығайту және мемлекеттік органдарға әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мен шешуде жәрдемдесу мақсатында халықпен, мемлекеттік құрылым өкілдерімен кездесулердің маңызын атап, жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Жалпы, өңірлік Ақсақалдар кеңесінің төрағалары отырысқа оң баға беріп, мұндай шараларды дәстүрлі түрде өткізуді ұсынды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға