Жаңалықтар

Қазақстанда Алтын Орда мен Жошы хан туралы фильмдер түсіріледі - Бектенов

Қазақстанда Алтын Орда мен Жошы хан туралы фильмдер түсіріледі - Бектенов
Фото: t.me/KZgovernment 03.05.2024 12:01 925

Жошы ұлысының 800 жылдығын өткізу жөніндегі 30 іс-шарадан тұратын жалпы республикалық жоспар бекітілді. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәжілісмен Қазыбек исаның депутаттық сауалына берген жауабында айтылды. Сонымен қатар оқу орындарында Алтын Орда дәуірі бүгінгі күн талабына сай оқытылатын болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Естеріңізде болса, 2019 жылы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында Мәжіліс депутаттары Алтын Орданың 750 жылдық тойын 2024 жылы Жошы ұлысының 800 жылдығымен жалғастыру жайлы ұсыныс жасаған еді. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда брендін толық пайдалану қажеттігіне баса назар аударды.

Олжас Бектенов өз жауабында Жошы туралы толықметражды көркем фильм және «Алтын Орда» тарихи сериалын түсіру мәселесін пысықтау, қалаларда Жошы ескерткішін орнату шаралары көзделгенін алға тартты.

Сонымен қатар Жошының өмірі, оның ұрпақтарының Жошы ұлысында билік құрған кезеңі туралы шағын кітаптар, комикстер шығару, ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, конгресс, «Алтын Орда» энциклопедиясының таныстырылымын өткізу, экспедициялар ұйымдастыру қарастырылған. Өз кезегінде Алтын Орда тарихы мен Жошы хан туралы деректі және көркем фильмдер, сериалдар түсіру, монумент тұрғызу мәселелері аталған жоспар шеңберінде жалғасады, - деді Бектенов.

Премьер-министр Жошы хан кесенесі, Сарайшық қалашығы және «Қызыл оба» қорымын туристік орталықтарға айналдыру үшін жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, Жошы хан кесенесі орналасқан Ұлытау өңіріне баратын туристерге барлық жағдай жасалған.

Қазіргі кезде Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелеріне апаратын жолды салу жұмысы аяқталуда. Өңірдің туризмін одан әрі дамыту Ұлытау облысында туризмді дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасы негізінде жүргізіледі, - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Сарайшық қалашығын дамытудың тұжырымдамасы мен оны жаңғыртудың бас жоспары да әзірленген. Сарайшық қалашығының тарихи-мәдени мұра объектілерін жаңғырту мақсатында ғылыми және тарихи деректер зерделенуде. Ал жаңғырту жұмыстары биыл басталады.

Сарайшық қалашығының жанынан визит-орталық салынып, 2023 жылғы наурызда пайдалануға берілді. Ол Алтын Орда кезеңінің артефактілерімен толықтырылды. Визит-орталығына туристер мен келушілердің саны артуда 2022 жылы 18 мың адам барса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 21 мыңға жуық, - деп жауап берді Олжас Бектенов.

Ол Сарайшық ауылынан Сарайшық қалашығына дейінгі 10 км жол салу үшін 2023 жылы жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінсе, биыл 996 млн теңге қаражат бөлінгенін де алға тартты. Труистер қажетті ақпаратты «Kazakhstan.travel» ұлттық туристік порталынан ала алады.

Одан қалды мектеп пен жоғары оқу орындарында Алтын Орда дәуірін бүгінгі күн талабымен оқыту мәселесі де қолға алынғанын тілге тиек етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ғылым және жоғары білім министрлігі шетелдік, отандық архивтер мен кітапханаларда жаңадан анықталған дереккөздерді пайдалана отырып, «Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты жеті томдық академиялық басылым әзірлеуде. Академиялық басылымның негізінде «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша оқулықтар әзірленеді, - деді Үкімет басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға