Қазақстанда әлеуметтік төлемдер көбейеді
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Қазақстанда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін әлеуметтік төлемдер ұлғайтылмақ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты тағайындалған төлемдер 10 пайызға индексацияланады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Тиісті қаулы жобасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Ведомство түсіндіргендей, төлем мөлшері әр жағдайда жеке есептеледі және мына факторларға байланысты:
-
соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа;
-
еңбек қабілетін жоғалту деңгейіне;
-
асырауындағы адамдар санына;
-
міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне;
-
табысты алмастыру коэффициентіне.
Статистика
Былтыр аталған екі бағыт бойынша МӘСҚ-тан шамамен 150 мың қазақстандық төлем алған:
-
66 мың отбасы асыраушысынан айырылғаны үшін 25,3 млрд теңге алды. Орташа айлық төлем – 74 460 теңге;
-
97 мың адам еңбек қабілетінен айырылғаны үшін 34,5 млрд теңге алды. Орташа айлық төлем – 71 468 теңге.
Кімдерге төленеді?
-
Асыраушысынан айырылу бойынша төлем – асырауында болған адамдарға тағайындалады. Ол мемлекеттік жәрдемақыға қосымша төленеді. Қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі бөлімде оқыса – 23 жасқа дейін беріледі.
-
Еңбек қабілетінен айырылу бойынша төлем – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға тағайындалады және мемлекеттік жәрдемақыға қосымша ретінде төленеді. Бұл төлем жалпы еңбек қабілетінен айырылудың 30-дан 100 пайызға дейінгі деңгейінде, медициналық-әлеуметтік сараптама шешімі бойынша жүргізіледі. Ол адамның еңбек етуін жалғастыру- жалғастырмауына тәуелді емес.

