Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тұрақтылығы сақталуда
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияға әсер ететін факторларды талқылап, оны тежеу шараларын әзірлеуге арналған кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, тамыз айында жылдық инфляция 12,2%-ға жетті (шілде айында – 11,8%). Баға өсімі әсіресе Қарағанды (14,4%), Ұлытау (13,6%), Ақмола (13%), Атырау (12,8%), Солтүстік Қазақстан (12,6%), Ақтөбе (12,5%) және Батыс Қазақстан (12,4%) облыстарында, сондай-ақ Астана (12,8%) мен Алматы (12,7%) қалаларында байқалды.
Инфляцияға ең көп әсер еткендер – ақылы қызметтер: коммуналдық қызметтер (+2,9%), көлік (+1,7%) және денсаулық сақтау саласы (+0,9%), - деді Азамат Әмрин.
Азық-түлік емес тауарлар бағасы орта есеппен 1%-ға өсті. Сонымен қатар кейбір тауарлар арзандады. Мысалы, тоңазытқыштар мен мұздатқыштар – 1,5%-ға, газ плиталары – 6,3%-ға, шыны бұйымдар мен ас үй құралдары – 0,1%-ға төмендеді.
Азық-түлік инфляциясы қарқыны биылғы екінші тоқсаннан бері екі есе баяулап отыр. Тамыз айында ол небәрі 0,5%-ды құрады. Төрт апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өзгеріссіз қалып отыр. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері алғаш рет олардың индексін 7,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, азық-түлік инфляциясына импорт үлесі (азық-түлік құрылымында – 23–27%) айтарлықтай әсер етеді. Осыған байланысты импортты алмастыру бағдарламалары аясындағы шараларды күшейту ұсынылды.
Апта ішінде көкөністер мен күріш арзандап, қант бағасы төмендеді. Тұз бен күнбағыс майы бағасының өсуі баяулады. Бұл, негізінен, өндірушілермен жасалған бағаны тұрақты ұстау туралы келісімдердің нәтижесі, - деді Бижанова.

