Қазақстанда алдағы бес жылда жасанды интеллектпен 1 миллион адам жұмыс істеуі мүмкін
Қазақстан жасанды интеллект (ЖИ) саласын дамытуды ұлттық басымдық ретінде айқындап, алдағы бес жылда 1 миллион азаматты ЖИ құралдарымен жұмыс істеуге оқытуды жоспарлап отыр.
Бұл туралы euronews.com жазып, мақсатқа жету үшін елде жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылып, халықаралық деңгейдегі инфрақұрылым қалыптасып келе жатқанын атады.
2030 жылға дейінгі жоспар аясында Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Халықаралық жасанды интеллект орталығы - Alem.ai ашылады. Бұл орталық ЖИ саласындағы зерттеулерге, стартаптарды қолдауға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған негізгі алаң болмақ. Alem.ai сегіз қабатты кешенде орналасып, балалар мен жастарға арналған білім беру аймақтарынан бастап, стартап-инкубация, зертханалар мен мемлекеттік ЖИ жобаларын қамтиды.
Қазақстанның IT саласы да қарқынды дамып келеді. 2025 жылы IT-қызметтер экспорты 1 млрд АҚШ долларына жетіп, соңғы бес жылда 35 есеге өскен. Бұл жетістікте Орталық Азиядағы ең ірі технопарк — Astana Hub маңызды рөл атқарып отыр. Мұнда IT, финтех, биотехнология және жасанды интеллект бағытындағы стартаптарға қолайлы экожүйе қалыптасқан.
Елде табысты стартаптар саны да артып келеді. Соның ішінде Higgsfield AI платформасы Қазақстандағы алғашқы «бірмүйізді» стартап атанып, құны 1 млрд доллардан асты. Ал Aleem атты ЖИ негізіндегі тіл үйрену қосымшасы қысқа уақыт ішінде жүздеген мың қолданушыны тартып, өңірлік нарықта кең танымал болды.
Кадр даярлау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік AI SANA бағдарламасы аясында жасанды интеллект негіздері бойынша тегін онлайн-оқыту ұсынылады. Бағдарлама 500 мың оқушыны, 300 мың студентті, 90 мың мемлекеттік қызметкерді және мыңдаған кәсіпкерді қамтиды. Сонымен қатар, елдегі 79 жоғары оқу орнында ЖИ пәндері оқытылып, 60 мыңнан астам студент білім алуда.
Қазақстан технологиялық инфрақұрылымды да күшейтуде. Елде Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер іске қосылып, ол әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің TOP500 тізіміне енді. Бұл ресурстар ЖИ шешімдерін экономика мен мемлекеттік басқару салаларына кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Осы бастамалардың барлығы Қазақстанды жасанды интеллект саласындағы аймақтық көшбасшыға айналдыруды көздейді. Адами капиталды дамыту, инновацияны қолдау және цифрлық мемлекеттік қызметтерді жетілдіру арқылы ел ЖИ-ді болашақ экономиканың негізгі тірегіне айналдыруды мақсат етіп отыр.

