Polisia.kz

Қазақстанда алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

22.08.2025 15:52

Ақтауда полицейлер киберқауіпсіздік саласындағы мамандарды да таңғалдырған алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескертті. Бұған дейін қылмыскерлер құрбандарынан SMS арқылы келетін растау кодтарын алуға тырысса, енді бәрі әлдеқайда жеңілдеген — оларға телефон экранына қол жеткізу жеткілікті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Алаяқтардың жаңа тәсілі

Сценарий әдетте бірдей болады. Олар хабарландырулар бойынша қоңырау шалып, өзін сатып алушы ретінде таныстырады. Әңгіме барысында суреттердің сапасы нашар екенін айтып, «экранды көрсету» функциясын қосуды өтінеді.

Кей жағдайларда қоңыраулар банк қызметкерлерінен түскендей болып естіледі. Бұл кезде жәбірленушіні «банктік операцияңыз бұғатталады» деп сендіріп, экранды қосуды талап етеді. Тағы бір кең таралған тәсіл — өзін зейнетақы қорының қызметкері ретінде таныстырып, мемлекеттік қызметтер порталында жеңілдіктерді рәсімдеуге көмектесеміз деп алдау.

Бір қарағанда мұндай өтініштер зиянсыз көрінуі мүмкін. Алайда дәл сол сәтте адам қылмыскерлерге смартфонындағы барлық ақпаратқа толық қол жеткізуге жол ашады. Бұл дегеніміз — парольдер, жеке деректер және интернет-банкинг алаяқтардың қолына түседі. Полицияның айтуынша, кейде бар болғаны бірнеше минуттың ішінде жәбірленушінің шоттары босап қалады.

Полиция не ұсынады

Құқық қорғау органдары тұрғындарды ерекше қырағылық танытуға шақырады. Ең басты ереже: бейтаныс адамдарға ешқашан экранды көрсетуге болмайды.

Полицейлердің сөзінше, ешбір банк, мемлекеттік орган немесе техникалық қолдау қызметі экранға қол жеткізуді талап етуге құқылы емес. Мұндай әрекеттердің түпкі мақсаты - алдау.

Егер сізге қоңырау шалып, смартфон экранын көрсетуді сұраса, еш күмәнданбаңыз - бұл алаяқтар, - деп атап өтті Полиция департаменті.