Жаңалықтар

Қазақстанда 8 мыңнан астам қазба кен орны бар

Қазақстанда 8 мыңнан астам қазба кен орны бар
Фото: t.me/miirkz 29.08.2023 13:42 924

Жер қойнауын өңірлік зерттеу ел көлемінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағының 94,5%-ы 200 мың масштабтағы геологиялық зерттеумен қамтылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейспековтің айтуынша, шағын қалаларға жақын орналасқан қала құраушы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 16 учаске бойынша барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Премьер-Министрдің тапсырмасы аясында 12 учаскеде сирек кездесетін металдар саласын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Бүгінгі таңда мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына елдің жер қойнауын пайдалануға қолжетімді барлық аумағы енгізілген. Қазақстанның әлеуетін зерделеу және барлауға инвестицияны одан әрі арттыру үшін бірінші кезекте өңірлік зерттеулерді тиісті көлемде қаржыландыру қажет, - деп атап өтті баяндамашы.

Сондай-ақ ол ведомствоның минералды-шикізат базасын толықтыру және геологиялық барлау саласына инвестиция тарту жөніндегі жоспарларымен бөлісті.

Еліміздің жер қойнауының әлеуетін одан әрі дамыту үшін министрлік геологиялық барлауды Қазақстан Республикасының жалпыұлттық басымдықтарына енгізуді және барлауға мемлекеттік әрі жеке инвестициялар деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді әзірлеуді ұсынады. Сондай-ақ тарихи деректердің барлық түріне кешенді талдау жүргізу жоспарланып отыр. Жүйелі тәсіл пайдалы қазбаның әрбір түрі бойынша саланы жоспарлы дамыту үшін жағдай жасайды, - деді вице-министр.

Сонымен қатар Азамат Бейспеков minerals.gov.kz ақпараттық платформасын толтыру жұмыстары туралы айтып берді. Жүйе биылдан бастап өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жүйеге 40 мыңға жуық есеп жүктелген. Геологиялық материалдарға ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушылардың бизнес-процестерін цифрлық форматқа көшіру, сонымен бірге әлеуетті және жұмыс істеп тұрған инвесторлар үшін «бірыңғай терезе» қағидатын іске асыру жоспарда бар.

Сондай-ақ 2021 жылы жер қойнауын пайдаланушыларға кешенді сервистік қолдау көрсету үшін құрылған Ұлттық геологиялық қызмет бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізеді, ол жүйе де пайдаланушылар үшін қолжетімді. Жылдың соңына қарай қағаз тасымалдағыштағы 861 мың ақпарат парағын, 129 мың графика парағын, 38 мың магниттік парақты электрондық форматқа көшіру жоспарлануда.

А.Бейспеков бүгінгі таңда мемлекеттік теңгерім қатты және кең таралған пайдалы қазбалардың, көмірсутектер мен жер асты суларының 100-ден астам түрі бойынша 8 мыңнан астам кен орнын ескеретінін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға