Қазақстанда 75 жаңа мамандық пайда болды
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Бүгінгі күні жаңа мамандықтар Атласында 75 жаңа мамандық бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ол министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша кадрларға қажеттілік шамамен 40 мың адамды құрайтынын атап өтті. Бүгінгі таңда жаңа кәсіптер атласы министрлік желісі бойынша 75 жаңа кәсіпті қамтиды.
Мысалы, металлургия және тау-кен өндірісі саласында смарт жүйелерді әзірлеуші, роботтандырылған тау техникасының операторы, машина жасау саласында – виртуалды прототиптеуші маманы, құрылыста – Big Data талдаушысы, «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты жаңа мамандықтар пайда болды. Сонымен қатар, бизнес процестерді автоматтандыруға байланысты 40-тан астам мамандық өзгеріске ұшырады, - деді Иран Шархан.
Биыл 190 инвестициялық жобаны іске қосу барысында машина жасауда тағы 8 жаңа мамандық пайда болатыны атап өтілді. Мысалы, олардың қатарында 3D басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы бар.
Осылайша, қол еңбегін автоматтандырылған еңбек түрімен біртіндеп ауысуы байқалуда. Ол қоғамдағы жұмысшы мамандықтары туралы түсінікті түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.
3 миллион адамға жуық кадр қажет болуы мүмкін
Қазақстан экономикасына орта мерзімді кезеңге 3 миллион адамға жуық кадр қажет болуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бұл кадрларға бүгінгі таңда сұраныс құрылымы анықталып қойылған. Олардың үштен бірін қызмет саласы алып отыр. Одан кейін тасымадау мен тауарларды бөлу, өнеркәсіп, ауы шаруашылығы және құрылыс тұр.
Бұл деректерді кәсіптік стандарттарды бекіту, білім беру бағдарламаларын қалыптастыру, оқуға білім беру тапсырыстарын бөлу және қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру кезінде ескеру қажет. Ол цифрландыру және демографиялық өзгерістер тұсында ерекше маңызды, - деп атап өтті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.
Бір мезетте цифрландырудың және технологиялық өзгерістердің салдарынан жаңа кәсіптер пайда болуда. Мәселен, әлеуметті тьютор, дрондар операторы, киберқауіпсіздік инженері, цифрлық репутация менеджері, жасанды интеллект маманы және басқалар.

