istockphoto.com

Қазақстанда 350 шақырым ақылы жол енді уақытша тегін болады

Қазақстандағы ақылы жолдардың шамамен 350 шақырымы 2026 жылдың қаңтарынан бастап уақытша тегін болады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев үкіметте өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Иманашевтің айтуынша, жұмыс тобы барлық ақылы трассаларды тексеріп шығып, қауіпсіз әрі жайлы жүруге кедергі келтіретін ақаулары бар учаскелерді анықтаған.

Бүгінгі таңда 350 шақырым ақаулы учаске анықталды. Барлық материал Автомобиль жолдары комитетіне жолданды. Бұл тізім барлық өңірлердегі ақылы жолдарға қатысты, – деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта проблемалы учаскелерді ақылы жүйеден уақытша шығару туралы бұйрық келісу кезеңінде. Құжат Үкімет бекіткеннен кейін ресми түрде жарияланады.

Компания басшысы жүргізушілер бұл учаскелерден жөндеу жұмыстары толық біткенше ақы алынбайтынын нақтылады.

Өзгерістерді 2026 жылдың қаңтарынан бастап енгіземіз. Учаскелер жөнделгеннен кейін қайтадан ақылы режимге оралады, – деді Иманашев.

Қазақстанда жалпы 2 000 шақырымға жуық ақылы жол бар. Биылдың өзінде ақылы жолдардан бюджетке 70 млрд теңге түскен.

Брифингте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа журналистер халықтың салығымен салынған жолдың неге ақылы екенін сұрады.

Министр бұл пікірмен келісетінін айтты.

Конституцияда еркін қозғалуға кепілдік берілген. Сондықтан балама тегін жол болуы керек. Бірақ жол құрылысына көп қаражат кетеді. Салынған жолдың ақшасын мемлекет қайтаруы тиіс. Сонда ғана сапасы сақталады, – деді ол.

Сауранбаевтың сөзінше, ауыр жүк көліктері жолға ең көп салмақ түсіреді, сондықтан халықаралық тәжірибеде олар көбірек төлейді. Қазақстан да осы жүйеге көшуге дайындалып жатыр.

  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 350 шақырым ақылы жолдан төлем алынбайды;
  • Жөндеу аяқталған соң ақы қайта енгізіледі;
  • Ақылы жүйеден уақытша шығарылатын учаскелер тізімі ресми жарияланады.