Жаңалықтар

Қазақстанда 2030 жылға дейін теміржолды дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданды

Қазақстанда 2030 жылға дейін теміржолды дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданды
Фото: El.kz/Артем Чурсинов 10.07.2024 17:08 436

Тұжырымдаманың жобасы осы көктемде қоғамдық талқылауға ұсынылған болатын. Аталған құжат мемлекет пен қоғам үшін теміржол көлігі жұмысының оңтайлы жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Экономиканың инфрақұрылымдық функцияларын орындайтын теміржол саласы бүгінгі таңда бірқатар мәселеге тап болып отыр. Өз кезегінде теміржол саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы негізгі міндеттерді кезең-кезеңімен шешуді көздейді. Атап айтқанда, өндірістің негізгі құралдарын жаңарту және жаңғырту сияқты маңызды тармақтар қарастырылған.

Айта кетерлігі, теміржол көлігі бүкіл жүк айналымының жартысын және экспорттық әрі транзиттік жүктердің басым бөлігін тасымалдауды қамтамасыз ете отырып, ел экономикасының дамуы барысында маңызды рөл атқарады. Жолаушылар тасымалы туралы айтатын болсақ, бүгінгі таңда тасымалдаумен 14 компания, оның ішінде 1 ұлттық және 13 жеке компания айналысады. Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды 100-ден астам бағыт бойынша теміржол көлігімен тасымалдауды ұйымдастырып отыр.

Осы ретте теміржол көлігін дамыту тұжырымдамасы теміржол көлігімен жүк және жолаушылар тасымалы саласындағы қазіргі жағдайды талдау негізінде жасалған. Маңызды құжатты әзірлеу барысында көрші елдердің тасымалдау саласындағы реформалары зерделеніп, теміржол саласының қолданыстағы институционалдық және реттеуші моделі қаралған.

Стратегиялық құжат шеңберінде салаға жеке инвестицияларды тарту, жылжымалы құрамның бәсекелестік нарығы субъектілерінің жаңаруы, жаңа желілер салудың ірі жобаларын іске асыру және жеке компаниялардың жолаушыларды тасымалдау тетігін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар кешені іске асырылады деп күтілуде.

Қазақстан Республикасының теміржол көлігін дамытудың тұжырымдамасы республикалық бюджет, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы және жеке инвестициялар қаражаты есебінен іске асырылатын болады деп жоспарланып отыр.

Аталған тұжырымдама 2024 жылғы 9 шілде күні «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Логистика және тасымалдау комитетінің теміржол көлігі жөніндегі қосалқы комитетінің ҚТЖ, қауымдастық және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өткен отырысында таныстырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға