Жаңалықтар

Қазақстанда 13,8 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді

Қазақстанда 13,8 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 22.08.2024 10:55 353

1 тамыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 835 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 559 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 502 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 097 және 538 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 860 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 279 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 806 жұмыс беруші бар. Оларда 428,3 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,8%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 825 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 895 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 577, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 377 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 351 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 248 адам, Өзбекстан – 1 956 адам, Түркия – 1 146 адам, Үндістан – 1 066 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 21,5 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға