Жаңалықтар

Қазақстан жобалық басқару саласындағы жетістіктерімен шетелдік сарапшылардың назарын аударды

Қазақстан жобалық басқару саласындағы жетістіктерімен шетелдік сарапшылардың назарын аударды
Фото: Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі 04.08.2023 00:10 1028

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл Халықаралық жобаларды басқару қауымдастығы кеңесінің төрағасы, доктор Рейнхард Вагнермен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Академияның баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу IPMA «Жобаға бағдарланған қоғамды ілгерілету» зерттеу жобасы аясында өтті. Жобаның мақсаты – бүгінгі таңда жобалық басқару ісі неғұрлым дамыған бес елдегі (Германия, Қытай, Қазақстан, Хорватия, Перу) кейс-зерттеулер негізінде кәсіби ұйымдардың қоғамның жобаға бағдарлануына әсерін анықтау. Доктор Рейнхард Вагнер осы зерттеу жобасының жетекшісі болып табылады және жобаға бағдарланған қоғамды ілгерілетудегі тәжірибелерімен егжей-тегжейлі танысу үшін осы аталған барлық елге баруды жоспарлап отыр.    

Кездесу аясында ректор Ерлан Қуанышұлы мемлекеттік басқару жүйесінде жобаға бағдарланған қоғамды ілгерілетудегі Академияның рөлі жайында айтты.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жобалық басқарудың ұлттық жүйесін қалыптастыру, Ұлттық жобалық кеңсені, мемлекеттік органдардың жобалық кеңселерін құру және олардың қызметін реттеу жөніндегі нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеу мәселелерінде негізгі рөл атқарды және үйлестірушісі болды. Жобалық менеджментті дамыту орталығын құру Академияның бірыңғай оқу-әдістемелік алаң және қазақстандық тәжірибенің ерекшелігі мен мемлекеттік сектордағы басқару қызметінің ерекшеліктерін ескеретін жобалық менеджмент саласындағы мемлекеттік қызметшілердің білімі мен құзыреттерін жүйелеу бойынша толыққанды база ретінде қалыптасуына ықпал етті. 2018 жылдан бастап Академия 30 мыңнан астам адамды оқытты, ҚР СТ ISO ұлттық стандарты және жобалық менеджмент саласындағы Prince2® британдық стандарты бойынша 3 мыңға жуық адамды сертификаттаудан өткізді. Академияның сертификатталған жоба менеджерлерінің басым бөлігі орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлері болып табылады және олар еліміздің жобалық басқару экожүйесінде жұмыс істейді, – деді ректор.

Доктор Рейнхард Вагнер Академияның үлесін жақсы бағалады, сондай-ақ Қазақстанда жобалық менеджментті дамыту бойынша одан әрі жұмыс жүргізу мақсатында сараптамалық ұсыныстарын берді.

Қазақстан әлемдік ауқымда әзірленген әдіснамаларды, оның ішінде Халықаралық стандарттау ұйымының (ISO), АҚШ-тың Жобаларды басқару институтының және әлемдік стандарт болып табылатын IPMA әдіснамасын пайдаланады. Менің ойымша, бұл барлық қолжетімді стандарттарды біріктіріп, оларды өздеріңіздің жобаларыңызға қолайлы еткендеріңіз өте жақсы қадам. Мен мәселе әдіснамада ғана емес, сондай-ақ адамдардың рухы мен ойлауында екенін үнемі айтамын. Сіздер ел игілігі үшін өздеріңіздің не істеп және қалай істеп жатқандарыңызды көрсеткендеріңізді, айтқандарыңызды қалар едім, – деді ол.  

Сондай-ақ доктор Рейнхард Вагнердің Қазақстанға сапары барысында Академияның Alma Mater Europaea еуропалық университетімен ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға