ҰОК баспасөз қызметі

Қазақстан жеңіл атлеттері Азия чемпионатында жүлдесіз қалды

29.05.2025 02:31

Жеңіл атлетикадан Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы медальға бір қадам жетпей қалды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

ҰОК мәліметінше, отандастарымыз аралас эстафетада (4x400 метр) финалда төртінші орынды иеленді. Михаил Литвин, Александра Залюбовская, Андрей Соколов және Кристина Кондрашова қашықтықты 3 минут 22.70 секундта жүгіріп өтті. Жарыстың жеңімпазы – Үндістан (3:18.12). Екінші орын – Қытайға (3:20.52), ал үшінші орын – Шри-Ланкаға (3:21.95) бұйырды.

Айта кетейік, 28 мамырда финалға Анастасия Рыпакова (ұзындыққа секіру) мен Давид Ефремов (110 метрге кедергілер арқылы жүгіру) жолдама алды. Жүлделі жарыстар 29 мамыр күні өтеді.

Екі күндік жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде бір ғана медаль бар. 20 шақырым қашықтықтағы спорттық жүрісте Ясмина Тоқсанбаева үшінші орынды иеленді.