Жаңалықтар

Қазақстан Жапонияға тауарлар экспортын кеңейтуге мүдделі

Қазақстан Жапонияға тауарлар экспортын кеңейтуге мүдделі
Фото: El.kz 13.01.2024 23:15 2092

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Ресукэ Кодзуки бастаған Жапониядан келген делегациямен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективаларын, оның ішінде екіжақты сауданы ұлғайту мүмкіндіктерін талқылады.

Арман Шаққалиев атап өткендей, Жапония Қазақстандағы ірі инвесторлардың ондығына кіреді. Соңғы 17 жылда жапондық инвестиция көлемі 7,8 миллиард доллардан асты.

2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,5% - ға ұлғайып, 2 млрд долларға жетті.

Біз қазақстандық өнімдердің экспортын кеңейту әлеуетін көріп отырмыз және 204 миллион долларға 45 өңделген тауарды жеткізуді одан әрі арттыруға дайынбыз. Қазақстанда ірі ауыл шаруашылығы және азық-түлік хабына айналу үшін барлық ресурстар бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе, жылқы етін жеткізуде үлкен мүмкіндіктер бар, – деді ҚР сауда және интеграция министрі.

Сауда-экономикалық өзара қарым-қатынастардың өсуі мен нығаюы үшін Арман Шаққалиев қазақстандық «KazakhExport» пен Жапонияның экспорттық-кредиттік агенттігі арасында сақтандыру, қайта сақтандыру және несиелерге кепілдік беру саласында тығыз ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

Кездесуде тараптар Осака қаласында 2025 жылдың 13 сәуір мен 13 қазан айлар аралығында өтетін «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру» тақырыбындағы ЭКСПО 2025 көрмесіне дайындық мәселесін көтерді.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің айтуынша, Қазақстанның халықаралық көрмеге қатысуы екі елдің мүдделі компаниялары мен іскер топтары арасында ұзақ мерзімді және өзара тиімді байланыстарды орнатуға ықпал етеді.

Өз кезегінде Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Ресукэ Кодзуки елдеріміз арасындағы іскерлік қарым-қатынастардың одан әрі жандандыруға сенім білдірді, сондай-ақ алдағы көрмеге сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанға көмек көрсетуге уәде берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға