Жаңалықтар

Қазақстан ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясындағы төрағалығын аяқтады

Қазақстан ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясындағы төрағалығын аяқтады
Фото: Мәжіліс 09.12.2024 19:55 350

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысы мен он жетінші пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиында сөз сөйлеген Ерлан Қошанов әріптестеріне Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалық етуінің қорытындылары туралы айтып берді.

Әріптесімізбен бірлескен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан Республикасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық еткен кезеңде ұйым алдында тұрған барлық міндет толық орындалды. Астанада өткен кездесуде елдеріміздің көшбасшылары Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған іс-шараларға жоғары баға беріп, ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған маңызды құжаттар қабылдады. Біз серіктестерімізге бұл құжаттардың табысты жүзеге асырылуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Ортақ мүдделерімізді ескере отырып, ҰҚШҰ Парламенттік өлшемін кезең-кезеңімен дамыту мен нығайту бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз, – деді Мәжіліс спикері.

Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы кезінде ұйым мүдделі елдермен және қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін халықаралық құрылымдармен ынтымақтастықты нығайтты.

ҰҚШҰ мен ТМД, сондай-ақ ШЫҰ арасындағы байланыс жалғасын тапты. Биыл қазан айында Мәскеуде ҰҚШҰ – ТМД – ШЫҰ форматындағы дәстүрлі кездесу өтті. Онда аталған ұйымдардың негізгі саяси принциптері мен жарғылық ережелерінің ұқсастығы атап өтілді.

2024 жылы ҰҚШҰ-ның БҰҰ-ның бақылаушы мәртебесін алғанына 20 жыл толды. Сондай-ақ осы жылдың қараша айында Нью-Йоркте БҰҰ мен ҰҚШҰ арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен қарар қабылданды.

Мәжіліс спикері өз сөзінде ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы мүше мемлекеттерге қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері бойынша сындарлы диалог жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты.

Соңғы жылдары Ассамблея ұжымдық қауіпсіздіктің маңызды аспектілерін қамтитын бірқатар модельдік заңнамалық акті қабылдады. Атап айтқанда, ақпараттық және биологиялық қауіпсіздік, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, есірткі саудасына тосқауыл қою салаларындағы құжаттар.
Ерлан Қошанов Қазақстан төрағалығымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге дайындыққа ерекше назар аударылғанын айтты. Отырыстың қорытындысы бойынша алдағы мерейтойға орай ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Үндеуі қабылданды.

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы іс-шаралары аясында делегация басшылары Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Ерлан Қошанов Ресей Президентіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы парламентаралық қарым-қатынастың жоғары қарқынын атап өтті.

Келесі жылы ҰҚШҰ-ға Қырғыз Республикасы төрағалық етеді. Отырыста Қазақстан тарапымен қатар, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының төрағасы Игорь Сергеенко, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нұрланбек Шакиев, Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзода, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Таалатбек Масадыков, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының жауапты хатшысы Сергей Поспелов және Сербия Республикасы, Алжир Халық Демократиялық Республикасы мен Иран Ислам Республикасының өкілдері қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға