Жаңалықтар

Қазақстан ұлттық құрамасы WorldSkills чемпионатына аттанды

Қазақстан ұлттық құрамасы WorldSkills чемпионатына аттанды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 09.09.2024 23:19 348

Қазақстан ұлттық құрамасы 10-15 қыркүйек аралығында Францияның Лион қаласында өтетін 47-ші халықаралық WorldSkills чемпионатына қатысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

WorldSkills чемпионаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және жастар арасында кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған. Биылғы жылы Халықаралық чемпионатқа 65-тен астам ел мен аймақтан 1500 студент қатысады деп күтілуде, олар 62 құзыреттілік бойынша сайысқа түседі. Қазақстан құрамасына 32 қатысушы, 30 сарапшы, сондай-ақ ресми және техникалық делегаттар енді.

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева қазақстандық құрамамен - 2023 жылы WorldSkills Kazakhstan республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында жеңіске жеткен қатысушылармен кездесіп, оларға сәт сапар тіледі.

«Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Биылғы жылы қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын ілгерілетуге ерекше назар аударылатын болады. WorldSkills халықаралық чемпионаттарына қатысу жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, оқу процесіне заманауи құралдарды енгізуге және жаңа құзыреттерді дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық өсуіне және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді», — деп атап өтті Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева.

Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстан құрамасы алғаш рет Гданьскідегі Euroskills чемпионатында 2 медаль және 4 медальон жеңіп алған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға