Қазақстан ТЖМ делегациясы халықаралық спорт конференциясына қатысуда
Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының XXV халықаралық конференциясы өтіп жатыр. 21 қарашаға дейін жалғасатын басқосуға 19 елден өрт–құтқару қызметтерінің, өрт–құтқару спорты қауымдастықтары мен федерацияларының басшылары қатысуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан ТЖМ атынан Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Рамиль Камалов және Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының атқарушы директоры Дәурен Данаев қатысуда.
Өрт қарсы қызмет комитетінің мәліметіне сүйенсек, конференцияда өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың халықаралық спорт федерациясын одан әрі дамыту, халықаралық ынтымақтастық, 2025 жылы өрт–құтқару спорты бойынша әлем чемпионаттарын ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқылануда. Конференцияны Сауд Арабиясы Корольдігі ІІМ Азаматтық қорғаныс Бас басқармасы ұйымдастырып отыр.
Халықаралық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының директоры Андрей Калинин Қазақстан ТЖ министрі Шыңғыс Әріновке және Қазақстан спорт федерациясының атқарушы директоры Дәурен Данаевқа Алматы қаласындағы әлем чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және өткізгені үшін шын жүректен алғысын білдірді. Ол кәсіби дайындық пен іс-шараларды ұйымдастырудың жоғары деңгейінің арқасында Қазақстан басқа елдер үшін үлгі болғанын атап өтті. Директордың сөзінде мұндай іс–шаралар түрлі елдердің құтқарушылары арасындағы бауырластықты нығайтуға, өрт қауіпсіздігі саласындағы практикалық дағдыларды жақсартуға және балалар мен жастар арасында өрт-құтқару спортын танымал етуге ықпал ететіні туралы айтылды.
Еліміздің ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Рамиль Камалов халықаралық жарыстарға қатысу тәжірибе алмасу үшін жаңа көкжиектер ашатынын және қазақстандық құтқарушылардың кәсібилік деңгейін арттыратынын атап өтті. Біздің команданың халықаралық аренадағы жетістігі қызмет қызметкерлерінің жоғары дайындығы мен жауапкершілігін растайды.