Жаңалықтар

Қазақстан ТМҰ-да өз төрағалығын сәтті аяқтады

Қазақстан ТМҰ-да өз төрағалығын сәтті аяқтады
Фото: ҚР СІМ 07.11.2024 04:42 1040

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) ХІ саммиті қарсаңында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу ТМҰ сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СІМ басшысы өз сөзінде Қазақстанның «TURK TIME!» ұранымен өткен ТМҰ-дағы төрағалығының нәтижелерін қорытындылады, оның аясында 80-нен астам іс-шара өткізілді. Ол сондай-ақ Ұйымның халықаралық аренадағы өсіп келе жатқан және біріктіретін рөлін атап өтті.

ҚР сыртқы істер министрі ТМҰ-ға мүше елдердің сауда, инвестициялар, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы жетістіктерін ерекше атап, ұйым шеңберіндегі өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын белгіледі.

Отырыс барысында ТМҰ саммитіне дайындық барысы талқыланды, сондай-ақ осы іс-шара шеңберінде қол қоюға жоспарланған құжаттардың жобалары бекітілді.

Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Нахчыван қаласында (Әзербайжан) құрылды. ТМҰ хатшылығы Ыстамбұл қаласында (Түркия) орналасқан. Қазіргі уақытта Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мүше. Мажарстан мен Түрікменстан байқаушы мәртебесіне ие.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға