Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстан теннисі әлемдік деңгейде феноменге айналды – Диас Досқараев

Алдағы күндері теннистен Қазақстан құрамасы Дэвис кубогы аясында Монакомен кездеседі. Қазір Қазақстан теннисі дамудың жаңа кезеңіне шықты деп айтуға болады. Оған биылғы Australian Open-дегі нәтижелер де дәлел болса керек. Осы орайда ерлер құрамасының жаңа тағайындалған капитаны Диас Досқараевтан алдағы турнирге дайындық, Елена Рыбакинаның мақсаты және жастар арасындағы резерв жайлы сұрадық.

«Басты мақсат – әлемдік топтағы орнымызды нығайту»

– Диас мырза, алдағы матчтың маңызы қандай? Бұл ойынға қалай баға берер едіңіз?

– Бұл – өте үлкен әрі аса маңызды дода. Өйткені мұндай матчтарда тек алаңдағы ойын ғана емес, елдің үміті, жанкүйердің сенімі, жастардың көзқарасы қатар жүреді. Аймақтардан келетін жасөспірім спортшылар, балалар – бәрі осы құраманы үлгі тұтады. Сол себепті бұл ойын Қазақстан үшін ерекше мәнге ие.

Біз әлемдік топта бірнеше жыл бойы тұрақты ойнадық. Алты-жеті маусым қатарынан ең жоғары деңгейде өнер көрсеттік, бірнеше мәрте аса тартысты кездесулерге шықтық. Соңғы екі жылда түрлі жағдайлар болды, бірақ қазір басты мақсат айқын – қайтадан ең жоғары әлемдік топта орнығу.

– Қарсылас – Монако құрамасы. Олардың әлеуетін қалай бағалайсыз?

– Монако – өте мықты, тәжірибелі команда. Құрамында жекелей рейтингте жоғары тұрған бірінші ракеткасы бар. Оның соңғы алты айдағы нәтижелері де ауыз толтырып айтарлық: Шанхайдағы «Мастерсте» Новак Джоковичпен ойнады, биыл Australian Open-да үшінші айналымға дейін жетті.

Сонымен қатар олардың қатарында рейтингте ТОП-50-ге кіретін, тәжірибесі мол ойыншылар бар. Юго Нис пен Ромен Арнеодо – бізге жақсы таныс қарсыластар. Біздің ойыншылар олармен бұрын бірнеше рет кездескен. Монаколықтар бұл матчқа өте тыңғылықты дайындалып келді: сегіз күн бұрын Астанаға жетіп, кортқа бейімделіп жатыр.

– Қазақстан құрамасының дайындығы қалай жүріп жатыр?

– Біздің де дайындық жоғары деңгейде. Жоспарлы түрде, нақты мақсатпен жұмыс істеп жатырмыз. Жеребе әлі толық белгілі болған жоқ, бірақ тактикалық жоспарымыз дайын. Мұндай матчтарда рейтингтің өзі шешуші фактор бола бермейді. Мұнда психология, мінез, командалық рух алдыңғы орынға шығады.

Бүкіл ел күтіп отыр. Бұл – үлкен жауапкершілік. Біз әлемдік топқа қайта оралуымыз керек деген нақты мақсат қойдық.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Kazakhstan Tennis Federation (@ktf.kz)

– Команда ішіндегі атмосфера қандай? Қысым сезіле ме?

– Атмосфера өте жақсы, достық қарым-қатынас қалыптасқан. Барлығы – кәсіби спортшылар, олар қойылған міндетті жақсы түсінеді. Біз үйде ойнаймыз, демек ел тек жеңіс күтеді. Әсіресе Аустралиядағы соңғы жетістіктерден кейін үміт арта түсті.

Иә, бұл белгілі бір дәрежеде қысым туғызатыны анық. Бірақ бұл – спорттың бір бөлігі. Үйде ойнағанда жанкүйер қолдауы да, жауапкершілік те қатар жүреді. Ең бастысы – сол энергияны дұрыс арнаға бағыттау.

– Александр Бубликтің жағдайы қалай? Денсаулығына қатысты сұрақтар көп қойылып жатыр…

– Бублик өткен маусымда бірқатар қиындықты бастан өткерді. Америка сериясынан кейін жарақаттары болды, Almaty Open-ге қатыса алған жоқ. Бірақ кәсіби спортта бұл – қалыпты жағдай. Теннисте маусым өте тығыз: 50 аптаға жуық жарыс, бір елден екінші елге ұшасың да жүресің, төсеніштер де әртүрлі.

Қазір Александрдың жағдайы тұрақты. Барлық ойыншылар матчқа толық дайын. Денсаулық тұрғысынан айтарлықтай мәселе жоқ. Біз бұл бағытты қатаң бақылауда ұстап отырмыз.

– Құраманың басты міндеті қандай деп ойлайсыз?

– Негізгі міндет – әлемдік топтағы орнымызды қайтару. Бұл тек бір матчтың емес, тұтас жүйенің нәтижесі болуы тиіс. Мұнда капитан ғана емес, федерация, бапкерлер, медицина штабы, менеджмент – бәрі бір мақсатқа жұмыс істейді.

Командалық матчтардың ерекшелігі сол – мұнда әр ойыншы ел үшін ойнайды. Эмоция да, қысым да жеке турнирден мүлде бөлек. Сондықтан ең бастысы – психологиялық дайындық, бірлік пен сенім.

Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл матчта оңай ойын болмайды. Бірақ команда дайын, мақсат айқын, жауапкершілікті сезінеміз. Елдің қолдауы біз үшін өте маңызды. Үйдегі матч – үлкен күш.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Kazakhstan Tennis Federation (@ktf.kz)

«Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасы атануға шамасы жетеді»

– Осы орайда Australian Open-дегі нәтиже туралы да ойыңызды білсек.

– Биылғы Australian Open-ді мен еш ойланбастан тарихи турнир дер едім. Үлкен дулыға турнирлерінің ішінде деңгейі ең жоғары, бәсекесі ең қатал жарыстардың бірі болды. Ең алдымен, әрине, Елена Рыбакинаның жетістігін ерекше атап өту керек. Оның бұл жеңісінің Қазақстан теннисінің дамуына қосқан үлесін сөзбен жеткізу қиын.

Елена – тек чемпион емес, ол тұтас бір буынға мотивация сыйлаған тұлға. 2022 жылғы Уимблдондағы жеңісінен кейін елімізде қаншама бала тенниске келді. Сол кезден бастап барлық өңірдегі теннис орталықтарында топтар лық толды. Бес-алты жастағы қыздардың өзі «Елена сияқты боламын» деп келеді. Ата-аналар қоңырау шалып, «орын жоқ па?» деп сұрайды. Кейбірі секцияға кіру үшін екі-үш айлап кезек күтті.

Бұл – бір спортшының елге берген ең үлкен әсері. Қазір бізде өңірлерде корт жетіспей жатыр, бірақ бұл – дамудың белгісі. Жаңа орталықтар салынып жатыр, инфрақұрылым кеңейіп келеді.

– Өзге қазақстандықтар да табысты өнер көрсетті...

– Дұрыс айтасыз. Жалпы көрсеткішке қарасақ, бұл турнир Қазақстан үшін өте сәтті өтті. Юлия Путинцева төртінші айналымға шықты, Александр Бублик те төртінші раундқа дейін жетті. Данилина жұптық сында финалға дейін барды. Заңғар Нұрланұлы мінез танытып, жартылай финалға жетті.

Осының бәрін қосқанда, әлемдік сарапшылардың өзі таңғалып отыр: «Қазақстанда не болып жатыр?» деп сұрайды. Тіпті басқа елдердің федерация президенттері бізге хабарласып, мұның сырын сұрап жатыр. «Корт саны аз, ойыншы саны да көп емес, бірақ нәтиже бар. Қалай істеп жатырсыздар?» дейді.

Сол үшін қазір Қазақстан теннисі әлемдік деңгейде феноменге айналды деп айтуға болады.

– Ал теннис байлардың ғана спорты деген ұғымнан бас тарта алдық па?

– Әрине, теннисті бұқаралық спорт түріне айналды деп айта алмайсың. Бізде футбол, бокс, күрес – ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі спорт түрлері. Теннис әлі ол деңгейге жеткен жоқ. Бірақ біз соған қарай жүйелі түрде қадам жасап келеміз.

Ең басты мақсатымыз – теннисті қолжетімді ету. Бұрын «теннис – байлардың спорты» деген стереотип болды. Қазір ол көзқарас мүлде өзгеріп келеді. Бүгінде баға жағынан теннис басқа спорт түрлерінен қатты ерекшеленбейді: айына шамамен 20-25 мың теңге, ал жаттығу аптасына үш реттен.

Сонымен қатар біз балабақшаларда Baby Tennis бағдарламасын іске қостық. Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, теннисті 1-3 сынып оқушыларына арналған мектеп бағдарламаларына енгіздік. Балаларға ракетка, доп, тор – бәрі тегін беріледі. Бұл – болашаққа салынған инвестиция.

– Елена Рыбакинаның денсаулығына қатысты мәселе көп талқыланды. Елена бір жылдан астам уақыт бойы жарақатын емдеді, біраз жарыстан бас тартты. Бапкерлермен қарым-қатынасына қатысты түрлі сөздер айтылды. Қазіргі жағдайы қалай?

– Елена 2023-2024 жылдары екі рет COVID-пен ауырды, иммундық жүйесі қатты әлсіреді. Оған қоса, жарақаттар болды, ұзақ уақыт ойнамай қалды. Мұның бәрі физикалық қана емес, психологиялық тұрғыда да оңай соққан жоқ. Жапонияға қарсы мачта командалық жарысқа да қатыса алмады, бронхиті асқынып кеткен еді. Мұның бәрі ауыр соққы боп тиген секілді.  

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Kazakhstan Tennis Federation (@ktf.kz)

2025 жылы ол өзін толықтай жинап, денсаулығына басымдық берді. Соңғы бес-алты турнирдегі нәтижесі соның дәлелі. Былтыр Қорытынды турнирде топ жарды, ал дайындық жұмыстарын Дубайда сәтті өткізді. Қазір бабында екенін көрдіңіздер.

Менің ойымша, Australian Open-де де ол осы қарқынын жалғастыра алады. Ұпай жинауға мүмкіндік бар, енді рейтингте бірінші орынға шықса екен деген тілегіміз бар.

– Әлемнің бірінші ракеткасы болу нақты мақсат па?

– Әрине, бұл – кез келген теннисшінің арманы. Әрине, Олимпиада ойындарында топ жару, Үлкен дулыға турнирлерін ұтудың орны бөлек. Бірақ әлемнің бірінші ракеткасы болу – спортшының чек-листіндегі ең жоғары мақсат.

Қазір ұпай жағынан қарасақ, Соболенкомен айырмашылық өте үлкен. Бірақ Ига Швентекпен арасын бірнеше жүздеген ұпай бөліп тұр. Сондықтан Еленаның көздеген межесіне жетуіне мүмкіндігі бар.

Елена – Үлкен дулығаны екі рет ұтқан теннисші. Бірақ Қазақстан тарихында әлі әлемнің бірінші ракеткасы болған ойыншы жоқ. Өз басым елімізден сондай теннисші шықса екен деп армандаймын. Бірақ денсаулық бәрінен жоғары тұрады. Егер денсаулығы дұрыс болса, қалғаны өз ретімен келеді.

«Теннистің өңірлерде дамып жатқанын көріп отырмыз»

– Айтпақшы, Заңғар Нұрланұлының жағдайы қалай? Ширек финалда аяғының бұлшықеттері құрысып, тіпті жүре алмай қалғанын көрдік. Соған қарамастан жартылай финалға дейін жетті.

– Заңғардың болашағы зор. Мельбурнде ауа райы өте қолайсыз болды: аптап ыстық, ылғалдылық жоғары. Ондай жағдайда кез келген ойыншыға қиын. Заңғар ғана емес, қаншама мықтылардың өзі қиналғанын көрдік. Бірақ біздің жігіт мінез көрсетті, берілмеді.

Енді Нұрланұлы ересектер сапына ауысады. Қазір ол Еуропада. Ересектер арасында өтетін фьючерс жарыстарына қатысады. Жалпы, жас ойыншылар үшін ең қиын кезең – жасөспірімдер сапынан ересектер теннисіне көшу. Бұл – өте ауыр процесс. Психологиялық тұрғыда оңай емес. Әмір Омарханов та, Заңғар да осы кезеңнен өтіп жатыр. Бастысы, өз-өзіне деген сенімді жоғалтпаса екен деймін.

Заңғардың жеңісі өңірлердегі балаларға үлкен мотивация береді. Шымкентте туып, жарыстарға Түркістан облысының атынан қатысып жүр. Осындай қазақ баласының үлкен ареналарда ойнап жүргенін көрген өзге балалар «менің де қолымнан келеді ғой» деп ойлана бастайды. Әмір Омарханов қарағандылық қатарластарына ой салды. Одан бөлек Ақтөбеден шыққан Ахмади Маханов 14 жасқа дейінгілер арасында үздік өнер көрсетіп жүр. Бізде бұған дейін суперкатегорияда ешкім ойнамаған. Қаншама жас қыздарымыз бар.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Kazakhstan Tennis Federation (@ktf.kz)

– Сіз спортшыдан басқарушыға дейінгі жолдан өттіңіз, теннисті ішінен жақсы білесіз. Соңғы 15-20 жылда отандық теннис үлкен серпіліс жасады деуге бола ма?

– Бұған еш күмән жоқ. Қазақстандағы теннистің дамуын шартты түрде екі, тіпті үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бұл үдеріс кездейсоқ емес. Елдегі теннисті дамыту стратегиясы 2007 жылы федерация президенті Болат Өтемұратовтың бастамасымен әзірленіп, мемлекеттік деңгейде қолдау тапты. Сол кезден бері бұл жүйе нақты үш бағытқа сүйеніп келеді.

Бірінші әрі ең маңызды бағыт – инфрақұрылым. Барлық өңірде заманауи теннис орталықтары салынып, балалардың сапалы жағдайда жаттығуына мүмкіндік жасалды. Яғни кез келген аймақтағы бала кәсіби кортта, дұрыс жабдықталған кешенде алғашқы қадамдарын жасай алады.

Екінші бағыт – оқу-жаттығу процесі. Бұл жерде біз отандық бапкерлерді даярлау мен балаларға арналған жаттығу әдістемесін жетілдіруге басымдық бердік. Сонымен қатар шетелдік білікті мамандарды тартуға да мәжбүр болдық. Себебі өсіп келе жатқан жас теннисшілердің сұранысын толық өтеу үшін әлемдік тәжірибе ауадай қажет еді. Испания, Италия, Германия, АҚШ секілді жетекші теннис державаларының академияларымен тығыз байланыс орнатып, сол елдердің үздік мамандары бізбен өз білімін, тәжірибесін бөлісті.

Үшінші бағыт – жарыс жүйесі. Алынған білім мен машықты сынайтын орта болмаса, дамудың да мәні жоқ. Бүгінде Қазақстанда жылына 300-ге жуық түрлі деңгейдегі турнир өтеді. Бұл – балаларға да, кәсіби спортшыларға да арналған бәсекелер. Он жастан бастап әрбір жас теннисші өз жас санатында жүйелі түрде өсіп, бір деңгейден келесісіне қадам баса алады. Ең бастысы – ата-анаға да, балаға да қай жолмен жүріп, қандай белесті еңсеру керектігі анық көрсетілген.

Қазақстан теннисінің жол картасында алғашқы жаттығудан бастап рейтингтік жарыстарға қатысуға дейінгі барлық кезең нақты белгіленген. Федерация оқу-жаттығу процесін де, турнирлік қолдауды да толық қамтамасыз етеді. Яғни бізде жүйе бар, ашықтық бар, әр кезеңде баланы алға жетелейтін мотивациялық тетік қарастырылған.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Kazakhstan Tennis Federation (@ktf.kz)

Бүгінде федерация жүзден астам жас спортшыны толықтай қаржыландырып отыр. Мұнда біз ұлттық құраманың негізгі ойыншыларын емес, дәл балалар теннисін айтып отырмыз. Оларға құрал-жабдық, жаттығу, жеңілдіктер беріледі, 11 жастан бастап Еуропа мен Америкадағы ірі жарыстарға шығу мүмкіндігі жасалады. Мұның барлығы баланың ерте жастан халықаралық деңгейдің қандай екенін көзімен көріп, сол биіктікке ұмтылуы үшін қажет.

Осы арқылы балалар шетелдік қарсыластардан жасқанбауды үйренеді. Бір елдің ішінде ғана ойнау – бір бөлек, ал әлемнің үздік теннис мектептерінен шыққан қатарластармен күш сынасу – мүлде басқа тәжірибе. Психологиялық тосқауыл да дәл осылай, табиғи жолмен жойылады. Бұл – жоғары деңгейдегі спортшы қалыптастыруда аса маңызды фактор.

Біздің мамандарда нақты көзқарас бар, оны жүзеге асырудың тетіктері де жолға қойылған. Балалар үшін барлық жағдай жасалған. Болашақта олардың бірі Уимблдонның немесе АҚШ ашық чемпионатының кубогын басынан асыра көтерсе – бұл таңғаларлық емес. Қазақстан теннис федерациясының түпкі мақсаты – дамыған теннис елдері секілді толыққанды теннис индустриясын қалыптастыру.

– Елде теннисті кеңінен насихаттау үшін федерация қандай қадамдар жасап жатыр?

– Ең алдымен ата-ананың сенімін қалыптастыру маңызды. Өйткені бастапқы таңдауды солар жасайды. Ата-ана Қазақстанда теннисті оқыту деңгейі жоғары екенін, баласына кәсіби білім берілетінін, қауіпсіз әрі қолайлы орта жасалатынын білуі керек.

Біз белгілі бір қызмет ұсынған сәттен бастап, бала үшін жауапкершілік те аламыз. Ал ата-ана осыны сезінсе, сенім пайда болады. Баласының жетістігін көрген әрбір ата-ана оны айналасына айтып, бөліседі. Осылайша сенім мен инфрақұрылымның, нәтиже мен қарым-қатынастың өзара байланысы арқылы теннис бұқаралық сипат ала бастайды.

Теннис – тек спорт қана емес, өмір мектебі. Бұл ойын балаға еңбекқорлықты, тәртіпті, дербестікті, жауапкершілікті үйретеді. Қателіксіз теннис болмайды, жеңіліс те жиі кездеседі. Бірақ дәл сол сәттерде бала күресуді, шешім қабылдауды, өзін қайта жинауды үйренеді. Мінез қалыптасады, тұлға шыңдалады.

Біз теннис арқылы елін сүйетін, қоғамда өз орнын табатын азамат тәрбиелеуге болады деп сенеміз. Әрине, барлығы бірдей ұлттық құраманың көшбасшысы болмайды. Бірақ кортта алған өмірлік сабақтарын кейін кез келген салада қолдана алады: бизнесте де, қоғамдық өмірде де.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Kazakhstan Tennis Federation (@ktf.kz)

Соңғы он бес жылда қалыптасқан осы жүйе арқылы біз біртіндеп тенниске қызығушылық танытатын адамдар санын арттыра аламыз деп ойлаймын. Теннис – тек спортта емес, өмірде де жетістікке жетуге жол ашатын әлем.

– Бұған дейін бір сұхбаттасқанда білікті бапкерлер аз деп едіңіз. Қазір бұл мәселе қаншалықты өзекті?

– Соңғы 18 жылда бапкерлердің білімін көтеруге көп көңіл бөлдік. Семинарлар, воркшоптар, шетелдік мамандармен бірлескен жұмыстар тұрақты түрде жүріп жатыр. Бапкер – тек техника үйрететін адам емес, ол педагог, психолог. Бұрын біз кәдімгі кітап таба алмай қиналатынбыз. Қазір YouTube-ті ашсаңыз, неше түрлі видео бар, әрине оның қажеттілікке жарайтыны да, жарамайтыны да бар.

Бүгінде бізде 300-ден астам бапкер бар. Оның ішінде бұрынғы кәсіби ойыншылар да көп. Олар теннистің ішкі жүйесін жақсы біледі. Сонымен қатар өзіміздің онлайн платформа бар: бапкерлер кез келген тақырыпта видео, әдістеме, кеңес ала алады.

Әрине, бапкер ешқашан «мен бәрін білдім» деп тоқтап қалмауы керек. Бұл – бітпейтін процесс.

Елімізде жүйе бар, инфрақұрылым дамып келеді, талантты балалар өсіп жатыр. Ең бастысы – нәтиже бар. Бұл жолдан таймай, күнделікті сапалы жұмыс істей берсек, алда әлі талай үлкен жеңістер болады.