«Қазақстан» телеарнасын басқарған Ғалым Доскен өмірден өтті
Филолог, әдебиет сыншысы, режиссер, сценарист Ғалым Доскен өмірден өтті. Қаралы хабарды белгілі журналист Амангелді Кеңшілікұлы мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әкелеріміз бірінен-соң бірі өмірден өтіп жатқанда, алдымызда ағаларымыз барына шүкіршілік ететінмін. Енді, міне, кезек ағаларымызға да келіп, олар да мәңгілік мекеніне аттанып жатыр.
Қазақтың тағы да бір мықты азаматы Ғалым Доскен де қайтыс болыпты. Өмірде бір рет те жүздеспеген, сырласпаған адамым болса да сыртынан сыйлап жүретінмін. Құрметім ерекше еді. Алла алдынан жарылқасын.
Әкелеріміздің дәм-тұзының таусылуы тіршіліктің заңдылығы да шығар. Ендігі жерде, асқар таудай ағалар аман болыңдаршы, - деп жазды ол.
Ғалым Доскен 1960 жылғы 19 шілдеде дүниеге келген.
Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған.
Еңбек өтілі: «Қазақстанның республикалық телевидение және радио корпорациясы» ЖАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары (2001-2002); «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы (2002-2006); «Ел» продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі (2007 жылдан бастап).
«Сәулені күту», «Ұлы дала астаналары», «Маңғыстау қабірлерінің түсі», «Жоғалған жарық хроникасы» және т.б. фильмдірінің, «Тоғыз құйрықты ақ түлкі», «Сиқырлы флейта», «Билейтін құс» кітаптарының, «Жезтырнақ» балеті либреттосының, аудармалардың авторы.

