Қазақстан Тәжікстанға 1 млн тоннадан астам астық жеткізді
Қазақстан 10 ай ішінде Тәжікстанға 1 млн тоннадан астам астық экспорттады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Қазақстанның астық егетін облыстарындағы элеваторлық қуаттарды серіктес елдерге өнім жөнелту арқылы босату бойынша шаралар қабылдауда.
Жаңа өнімнің алғашқы 20 мың тонна азық-түлік бидайы Тәжікстанға жөнелтілді. Экспорттық келісімшарт аясында Қазақстанның астық операторы тәжік сатып алушыларына барлығы 100 мың тонна өнім жеткізуді жоспарлап отыр. Өңір бойынша әріптес елге астық жеткізу ҚР Президентінің 2024 жылғы тамыздағы Душанбеге ресми сапары барысында Қазақстан мен Тәжікстан Мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтар шеңберінде жүзеге асырылады.
Тәжікстан қазақстандық астық пен ұнның дәстүрлі тұтынушысы болып табылады. Бұл елге азық-түлік жеткізу жыл сайын өсуде.
2024 жылдың 10 айында Тәжікстанға 1 млн тоннадан астам астық экспортталды, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11% -ға артық (917,1 мың тонна).
Жаңа астық экспорты да жоғары көрсеткішті көрсетеді. Қыркүйектен желтоқсанға дейін тәжік нарығына қазақстандық астықты жеткізу көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 51%-ға артып, 489 мың тоннаны құрады.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ негізгі қызметі стратегиялық міндеттерді шешуге - елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, астық нарығында тұрақты бағаны ұстап тұруға, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамытуға бағытталған.