Жаңалықтар

Қазақстан Ресейден газ тасымалдамайды – QazaqGaz басшысы

Қазақстан Ресейден газ тасымалдамайды – QazaqGaz басшысы
Фото: © iStock 09.11.2023 16:52 1506

Қазақстанда газ қоры жеткілікті және Ресейден газ тасымалданбайды. Бұл туралы Ақорда кулуарына QazaqGaz басшысы Санжар Жаркешов айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Санжар Жаркешов Ресеймен ынтымақтастыққа қатысты пікір білдірді.

Мұнда газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, солтүстік-шығысты газдандыру мәселелері, сондай-ақ Өзбекстанмен транзит мәселесі көзделіп отыр. Газды басқа елдерге тасымалдау мәселесі әлі талқыланған жоқ. Жалпы, бізде Өзбекстанға транзит және солтүстік-шығысты газдандыру мүмкіндігі бар. Нақты қаржы әлі белгісіз. Солтүстік-шығысқа газ құбырын тарту керек. Газ құбырына салынған инвестицияға байланысты газ бағасы да соған байланысты болады. Біз қазір ештеңе импорттап жатқан жоқпыз, Қазақстанның өз газы жеткілікті, - деді Жаркешов.

Ресей президенті Владимир Путин жыл басында Астанаға сапары кезінде Ресей Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газбен қамтамасыз етуге көмектесетінін айтқан еді. Қазіргі уақытта тиісті газ тасымалдау инфрақұрылымын жөндеудің әртүрлі нұсқалары зерттелуде.

Биылғы жылдың 1 қарашасында Санкт-Петербургтегі халықаралық газ форумында «Газпром» басшысы Алексей Миллер мен ҚР вице-премьері Роман Скляр геологиялық барлау, өндіру, өңдеу, жеткізу және тасымалдау жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық  келісімге қол қойған еді.

Дегенмен кеше Мәжіліс кулуарында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде газ қоры жеткілікті және жақын арада газ тасымалы қарастырылмайтынын айтты.

Біз әзірге Ресейден газ сатып алуды жоспарлап отырған жоқпыз, бұл индикативті теңгерімге байланысты болады, - деді министр.

Сондай-ақ министр елімізде энергетикалық нысандардың артуына байланысты газды тұтыну тұрақты өскенін атап өтті.   

Айта кетсек, 7 қазаннан бастап Ресей Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ тасымалын бастаған болатын. Путиннің сөзінше, бұл Ресейдің Орталық Азияға алғашқы газ тасымалы.

Белгілі қазақстандық саясаттанушы Эдуард Полетаевтың айтуынша, алдағы екі жылда Ресей Өзбекстанды жылына 2,8 миллиард текше метр газбен қамтамасыз етеді.

Одақ кезінде Өзбекстан басқа одақтағы басқа елдерге газ тасымалдаған. Бүгінде ол кері режимде жұмыс істейді. Үш ел арасындағы энергетикалық жобаны жүзеге асыру үшін «Орталық Азия-Орталық» газ құбырының екі тізбегі пайдаланылды. Бұл газды жеткізуге қатысатын үш елдің газ тасымалдау жүйелерін техникалық қайта жарақтандыруды, сондай-ақ жаңа нысандарды салуды талап етті, - деді саясаттанушы Эдуард Полетаев.

Сондай-ақ ол жобаның бастапқыда «газ одағы» деп аталғанын, бірақ бұл атау Қазақстан мен Өзбекстанда біраз алаңдаушылық пен түрлі реакциялар тудырғанын айта кетті. Сондықтан олар қазір жобаны «одақ» деп айтпайды, оның үстіне ол саяси емес, экономикалық мүддеге негізделген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға