Жаңалықтар

Қазақстан Қытайға 135 тауар бойынша экспортты ұлғайтуға дайын

Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты
Қазақстан Қытайға 135 тауар бойынша экспортты ұлғайтуға дайын
29.11.2022 17:27 1236

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцян бейнеконференция режимінде өткен екіжақты келіссөздер барысында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының көлемі 14%-ға артып, $18 млрд-қа жетті.

Биыл айтарлықтай өсім тіркеліп отыр, 10 айда бұл көрсеткіш шамамен 33%-ға өсіп, $19,7 млрд-ты құрады.

«Мемлекеттер басшылары 2030 жылға қарай тауар айналымын $35 млрд-қа дейін ұлғайтуды мақсат етіп қойды. Біз қытайлық әріптестерімізбен бірге осы ауқымды міндетті іске асыруға дайынбыз», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Оның айтуынша, жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің номенклатурасын одан әрі кеңейту, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасында тікелей байланыс орнату қажет. Атап айтқанда, Қазақстан оң сауда трендін нығайтуға және Қытайға 135 тауар позициясы бойынша өз өнімінің экспортын ұлғайтуға дайын. 

Қазақстан Қытайға 135 тауар бойынша экспортты ұлғайтуға дайын


Өз тарапынан Ли Кэцян Қытай Қазақстанды достық байланыстағы көршілес ел және маңызды сауда серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, ҚХР жүктерді және ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға, энергетика саласындағы жаңа жобаларды іске қосуға, сондай-ақ гуманитарлық байланыстар мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше қызығушылық танытып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға