Қазақстан құрамасы уысында тұрған жеңісті жіберіп алды
Әзербайжан құрамасымен жолдастық кездесу өткізген Қазақстан құрамасы қолда тұрған жеңісті уыстан шығарып алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ойынды құрама жігіттері ширақ бастап, матчтың 2-минутында-ақ Ян Вороговский әріптесі Нұралы Әліптің берген пасын голға айналдырды. Бұл - ұлттық құрама тарихындағы ең жылдам голдардың бірі.
Ал 28-минутта Абат Айымбетовтің берген пасын әріптесі Максим Самородов қақпаға дәл бағыттады. Алайда ағашқы тайм аяқталар тұста әзербайжандық Махир Эмрели (42-минут) есеп айырмасын қысқартып үлгерді.
Ал екінші таймның басында Эмин Махмудов пенальтиде мүлт кеткен жоқ. Таразы басы теңесті – 2:2. Өкінішке қарай, Руслан Балтиев шәкірттері сол күйі есін жия алмай, ойынның 73-минутында үшінші голды қақпаларына өткізіп алды. Бұл жолы Тұрал Байрамов мергендік танытты. Қорытынды есеп – 3:2.
Бұған дейін футболшыларымыз Арменияда өткен жолдастық кездесуде жеңілген болатын.
Айта кетсек, УЕФА Ұлттар лигасының 2024/25 маусымында Қазақстан В лигасында Австрия, Норвегия және Словения құрамаларымен бірге үшінші топта ойнайды.
Алғашқы ойынын қазақстандық футболшылар 6 сәуірде Норвегияға қарсы өткізеді.