Қазақстан құрамасы Дүниежүзілік ойындарда тарихи жетістікке жетті
7–17 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өткен Дүниежүзілік ойындарда қазақстандық спортшылар өз өнерін сәтті көрсетіп, байрақты бәсекені жоғары нәтижемен аяқтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Төрт жылда бір мәрте өтетін бұл халықаралық додада Қазақстан құрамасы сегіз спорт түрінен сынға түсіп, барлығы 10 жүлде жеңіп алды: 2 алтын, 5 күміс және 3 қола. Бұл – еліміздің Дүниежүзілік ойындар тарихындағы ең үздік көрсеткіші.
Қазақстан намысын барлығы 31 спортшы қорғады.
Жүлдегерлер:
-
Жәнібек Әбу-Бәкір — алтын (джиу-джитсу)
-
Ұлбосын Әділова — алтын (самбо)
-
Мөлдір Жаңбырбай — күміс (WKF каратэ)
-
Нұрсұлтан Дүйсенқұлов — күміс (джиу-джитсу)
-
Маратбек Рахметоллин — күміс (самбо)
-
Самбодан ерлер құрамасы (Төлеухан Ниетхан, Бақытжан Дүйсембеков, Маратбек Рахметоллин, Тәңірберген Тергеубеков) — күміс
-
Самбодан әйелдер құрамасы (Аружан Кенесары, Ұлбосын Әділова, Құралай Қабрайқызы, Маржан Бизақ, Айнұр Ақжігітова) — күміс
-
Аслан Қанатбек — қола (джиу-джитсу)
-
Сейілхан Болатбек — қола (джиу-джитсу)
-
Ришат Хайбуллин — қола (спорттық құзға өрмелеу)
Айта кетер жайттар:
-
Жауынгерлік самбо 1993 жылдан кейін алғаш рет ойындар бағдарламасына қайта енгізілді. Қазақстан спортшылары бұл спорт түрінен 1 алтын, 3 күміс жүлде жеңіп алды.
-
Джиу-джитсудан тарихи көрсеткіш тіркелді: бұған дейін тек 2 қола медаль ғана бар болса, бұл жолы 1 алтын, 1 күміс және 2 қола еншіленді.
-
Спорттық құзға өрмелеуден ел тарихындағы алғашқы қола медальды Ришат Хайбуллин жеңіп алды.
-
XII Дүниежүзілік ойындарына қатысқан бірнеше спортшымыз өз мансабында алғаш рет жүлдегер атанды.
Қазақстанның бұған дейінгі көрсеткіштері:
-
1993 жыл (Нидерланд) — 1 алтын, 1 күміс, 1 қола
-
1997 жыл (Финляндия) — 1 алтын, 1 қола
-
2001 жыл (Жапония) — 1 алтын
-
2005 жыл (Германия) — 1 күміс, 1 қола
-
2009 жыл (Тайвань) — 1 алтын, 1 қола
-
2013 жыл (Колумбия) — жүлде жоқ
-
2017 жыл (Польша) — 1 алтын, 2 қола
-
2022 жыл (АҚШ) — 1 алтын, 2 күміс, 1 қола
Естеріңізге сала кетейік, Чэндуда өткен XII Дүниежүзілік ойындарға әлемнің 114 елінен келген 3962 спортшы қатысып, 34 спорт түрінен 256 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Дүниежүзілік ойындар 1981 жылдан бері әр төрт жыл сайын, Олимпиададан кейінгі жылы өткізіледі. Мұнда негізінен Олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлері қамтылады.

