Жаңалықтар

Қазақстан қоқысты қайта өңдеу бойынша көрші елдерден қалып қойды

Қазақстан қоқысты қайта өңдеу бойынша көрші елдерден қалып қойды
Фото: pixabay.com 20.09.2023 17:00 1924

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза еліміздегі қоқыс өңдеу мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, республикада жыл сайын 4 миллион тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі, 2022 жылы оның 25%-ы қайта өңделген.

Алайда, Экология министрлігі қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері бойынша, ағымдағы жылы Жоғары аудиторлық палата ресми статистиканың мемлекеттік кадастрда жинақталған мәліметтерге сәйкес келмейтінін, қалдықтардың түзілу көлемі екі еседен астам бұрмаланатынын атап өтті.

Йель университетінің жанындағы Экологиялық саясат және құқық орталығының зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан өткен жылы қоқысты қайта өңдеу деңгейі бойынша 175-ші орынды иеленді. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу ісінде біз дамыған елдерден ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ бойынша көршілес елдер мен Орталық Азия мемлекеттерінен де артта келеміз. Мысалы, Қырғызстан 106-шы орында, ал Өзбекстан болса 30-шы орында, - дейді депутат.

Бағдарламада айтылғандай, осы бағыттағы екінші проблема – тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жағдайы. 2022 жылы елімізде тіркелген тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының жалпы саны 3019 бірлікті құрайды, оның ішінде экологиялық және санитариялық талаптарға сәйкес келетін небәрі 21% ғана, бұған елдегі 5000-нан асатын бей-берекет, стихиялық қоқыс үйінділері кірмейді.

Экология министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы утилизациялық алымнан ақшалай қаражатты шамамен 1,5 жыл бойы жинағанымен, елдегі қалдықтарды жинау мен өңдеуді ынталандыруға тиіс болған «EcoQoldau» ақпараттық жүйесі әлі күнге дейін жұмыс істемейді. Бұл механизмді жеделдетіп іске асыру өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі саласындағы қордаланған проблемаларды ішінара шешуге мүмкіндік берер еді. Осыған байланысты, Роман Васильевич, Сізден бірқатар мәселелерге назар аударуыңызды сұраймын, - деді мәжілісмен.

Самат Нұртаза мына мәселелерді атап өтті:

  • ЕcoQoldau цифрлық платформасы арқылы қайталама шикізатты жинау мен өңдеуді субсидиялауға қатысты өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі операторының («Жасыл Даму» АҚ) жұмысы қайта басталсын.
  • Экологиялық, санитариялық және құрылыс нормаларын ескеретін тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салудың бірыңғай қағидалары әзірленсін.
  • Жергілікті атқарушы органдарға жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салуға және бұрыннан бар полигондардың жағдайын талапқа сәйкес келтіруге қаражат бөлініп, инвестициялар тартылсын.
  • Тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі мен полигондар санының деректерін жинау мен өңдеудің бірыңғай және дұрыс есебі әзірленсін.
  • Электр энергиясы мен биогумус (биологиялық шірінді) алу, кәдеге жарату үшін тұрмыстық қатты қалдықтардан биогаз алу саласындағы жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыстар қолға алынсын.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға