Қазақстан Қарулы күштерінде үздік мергендер батальоны анықталды
2023 оқу жылының жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес еліміздің Құрлық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелері арасында "Мергендер батальоны" жарысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарулы күштердің полигондары мен оқу орталықтарында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді қоса алғанда, бөлімшелердің жеке құрамы штаттық қару-жарақ пен атыс қаруынан бақылау және оқу ату жаттығуларын, сондай-ақ атыс даярлығы мен әскери топография нормативтерін орындады.
Жеңімпаздар екі номинация бойынша анықталды. Оның біріншісі механикаландырылған, танк, десанттық-шабуылдау, шабуылдау, теңіз жаяу әскері құрамаларының мотоатқыштар, десанттық-шабуылдау механикаландырылған, танк, және шабуылдау батальондарының, екіншісі механикаландырылған, танк, шабуылдау және теңіз жаяу әскері құрамаларының танк батальондарының арасында өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша мотоатқыштар (десанттық-шабуылдау) батальондары арасында бірінші орынды Өскемен гарнизонының 2 мотоатқыштар батальоны, екінші орынды Қарағанды гарнизонының 1 мотоатқыштар батальоны, үшінші орынды Қонаев гарнизонының 2 десанттық-шабуылдау батальоны иеленді.
Танк батальондары арасында бірінші орынды Ақтау гарнизонының теңіз жаяу әскерлері бригадасының танк батальоны, екінші орынды Аягөз гарнизонының 1 танк батальоны, үшінші орынды Шымкент гарнизонының танк батальоны иеленді.
Құрамында әскери басқару органдарының, Құрлық әскерлері мен әскери-оқу орындарының тәжірибелі офицерлері болған төрешілер алқасы бөлімше командирлерінің кешенді атыс міндеттерін шешу дағдыларын игеру деңгейін және әскери қызметшілердің далалық дағдыларын бағалады.