Жаңалықтар

Қазақстан Қарулы күштері су тасқынымен күресуге қосымша күш-құралдар бөлді

Қазақстан Қарулы күштері су тасқынымен күресуге қосымша күш-құралдар бөлді
Фото: Қорғаныс министрлігі 06.04.2024 23:13 685

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрлігі су тасқынымен күресу үшін өңірлерге қосымша әскери құрамалар жіберді, деп хабарлайды ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Өткен тәулікте су апатынан зардап шеккен аудандарды құтқару шаралары барысында Қазақстан Қарулы күштерінің жеке құрамынан 700-ден астам адам, 21 әскери көлік, 5 армиялық авиация тікұшағы, бір әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды.

Әскери ұшқыштар 139 адамды тасымалдады. Олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, әскери қызметшілер, зардап шеккен аудандардың тұрғындары бар. Әскери қызметшілер 12 мыңға жуық қап құм дайындап төседі.

Қарулы күштердің әскери инженерлері Ақтөбе облысына су басқан аймақтардағы елді мекендердің жол қатынасын қалпына келтіруге жіберілді. Олар Ойыл өзенінде паром өткелін жасады. Ақтөбе және Атырау облыстарында тікұшақтармен 121 адам эвакуацияланды. Оның 30-дан астамы бала. 11 тонна 261 келі гуманитарлық жүк тасымалданды. С-295 ұшағымен Алматы мен Ақтөбеден Атырауға ТЖМ-ның 36 құтқарушысы, 8 қайық және басқа техникалық мүлік жеткізілді.

(Фото: Қорғаныс министрлігі)

Атырау облысының Құлсары қаласында 41433 әскери бөлімінің елу әскери қызметші 1500 қап құм дайындап, тұрғын үй алаптарының периметрі бойынша қорғанысты нығайтты, Атырау облысы Индер ауданы Қарабау ауылындағы осы әскери бөлімнің тағы 50 жауынгері 1700 қапты құммен толтырып, Ойыл өзенінің жағалауын күшейтті. 99116 әскери бөлімінің жеке құрамынан 52 адам Құлсарыға құм салынған қаптардың қорын дайындады. "Батыс" өңірлік қолбасшылығынан келген саперлер командасы Құлсарыдан 30 шақырым жерде Жем өзенінің арнасын кеңейту үшін екі рет жарылыс жасады. Маңғышлақ станциясында 25744 ә/б 66 әскери қызметші су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына 20 тонна гуманитарлық көмек тиеумен айналысқан.

Ал Қарағанды облысында 31775 әскери бөлімінің 96 әскери қызметшісі Кертінді және Нұра елді мекендерінде құм салынған қаптарды дайындап, елді мекендер бойындағы өзен арнасын күшейту жұмыстарын жүргізді. 44803 ә/б құтқару тобы Көбетей елді мекенінде су кәрізін тазартты. 55524 ә/б әскери қызметшілері Нұра ауылында жолдардың қауіпті учаскелерін бақылауды жүзеге асырса, осы әскери бөлімнің басқа бөлімшесі Егіндібұлақта тасыған суды сорғызумен айналысты.

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Тепличное ауылында аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері бөгетті нығайтумен айналысты. Қостанай қаласының Жағалау ауданында аумақтық қорғаныс әскери қызметшілері 6500 қап құм дайындап, Тобыл өзенінің жағалауын күшейтті. Ақтөбе облысының Ойыл елді мекенінде әскери қызметшілер Ойыл өзені арқылы өтетін паром өткелін орналастырды.

27 наурыз бен 5 сәуір аралығында Қазақстан Қарулы күштерінің жеке құрамынан барлығы 1 504 адам, 73 көлік, 11 армиялық авиация тікұшағы, 4 әскери-көліктік авиация ұшағы жұмылдырылды. Министрліктің әскери бөлімшелерінің күшімен 2 122 адам эвакуацияланды, оның 624-і бала. 54 мыңнан астам құм салынған қап дайындалып, төселді, 1 770 метр су ағатын кәріз тазартылды. Бүгін Ақтөбе және Атырау облыстарының су басқан елді мекендерінен халықты тікұшақтармен эвакуациялау жүзеге асырылады. Әскери қызметшілер Қарағанды облысы Нұра ауданы Мыңбай, Егенді және Нұра ауылдарына, Құлсары қаласына, сондай-ақ Атырау облысы Индер ауданы Қарабал ауылына көмек көрсетуде,-делінген министрлік мәліметінде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға