Мәжіліс

Қазақстан Парламенті 30 жылда елді қалай өзгертті?

15.01.2026 18:02

Қазақстан Парламенті 30 жыл ішінде елдің өміріне айтарлықтай өзгеріс енгізді. Конституциядан бастап әлеуметтік және экономикалық маңызды заңдарға дейін қабылдап, қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтті. Осы жылдар ішінде заңдар нарыққа бейімделуге, әлеуметтік жүйені жаңартуға және саяси мәдениетті нығайтуға жол ашты. Бұл ретте Парламенттің қалыптасуы жолы мен 30 жыл ішінде қабылданған ең маңызды заңдарға тоқталмақпыз.

Қазақстанда қос палаталы Парламенттің қалыптасуы

1995 жылғы 30 тамыздағы референдум Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданып, елімізде қос палаталы Парламент жүйесі қалыптасты. Осыдан бастап Парламент заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғарғы өкілді орган ретінде бекітілді. Оның құрылымы мен жұмыс тәртібі Конституциямен және арнайы конституциялық заңдармен айқындалды.

Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Мәжіліс өз жұмысын бастаған кезде тоқтайды. Өкілеттік мерзімі әдетте Мәжіліс депутаттарының сайлау циклымен байланысты, дегенмен Конституцияда көрсетілген негіздер болса, мерзімінен бұрын да тоқтатылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз:

Қазақстан Парламенті тұрақты жұмыс істейтін екі палата – Сенат пен Мәжілістен тұрады. Сенатқа әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан екі адамнан сайланған депутаттар кіреді. Бұған қоса Президент он сенаторды тағайындайды, олардың бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен бекітіледі. Сенат депутаттары алты жылға сайланып, олардың жартысы әр үш жыл сайын қайта жаңартылады. Палатаны мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттары арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланатын төраға басқарады, кандидатураны Президент ұсынады.

Мәжіліс тоқсан сегіз депутаттан құралады. Оның 69-ы пропорционалды жүйемен партиялық тізімдер арқылы, 29-ы бірмандаттық округтерден сайланады. Мәжіліс депутаттары бес жылдық мерзімге сайланып, кезекті сайлау өкілеттік аяқталмай тұрып кемі екі ай бұрын өткізіледі. Палатаны да депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады, ал кандидатураны бұл жолы депутаттар өздері ұсынады.

Құқықтық жүйені қалыптастыру және әлеуметтік реформалар

1990 жылдардың соңынан бастап 2000 жылдардың басына дейін Парламент елдің құқықтық және экономикалық жүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарды. Осы кезеңде Азаматтық, Қылмыстық, Салық және Жер кодекстері қабылданып, меншік формалары, кәсіпкерлік, инвестициялық саясат және нарықтық қатынастар заң деңгейінде реттелді. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет, сот жүйесі, прокуратура, жергілікті басқару және өзін-өзі басқару салаларына арналған маңызды нормалар бекітілді. Бұл өзгерістер Қазақстанның нарықтық экономикаға бейімделуіне және халықаралық ортада танылуына құқықтық негіз болды.

2000 жылдардан бастап заң шығару қызметі әлеуметтік бағытқа ойыса бастады. Зейнетақы жүйесін жаңарту, міндетті әлеуметтік сақтандыруды енгізу, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуға бағытталған заңдар қабылданды. Сонымен қатар сайлау заңнамасына өзгерістер енгізіліп, партиялық жүйенің ықпалы күшейді. Парламент қабырғасында партиялық фракциялар арқылы заң жобаларын талқылау тәжірибесі қалыптасып, саяси мәдениет жаңа деңгейге көтерілді.

Конституциялық жаңартулар және Парламенттің ықпалы

2017 және 2022 жылдары жүргізілген конституциялық өзгерістер Қазақстандағы билік тармақтарының арақатынасын қайта қарауға негіз болды. Реформалар Парламенттің өкілеттігін кеңейтіп, Үкіметке бақылау тетіктерін күшейтті. Соның нәтижесінде Мәжілістің заң шығару процесіндегі салмағы артты, ал бірқатар функциялар атқарушы биліктен заң шығарушы органға берілді.

Сайлау жүйесіне де елеулі өзгерістер енгізілді: аралас модельдің қабылдануы Парламент құрамын әртараптандырып, қоғамдағы пікірлер мен саяси ұстанымдардың кеңірек көрініс табуына мүмкіндік жасады.

2025 жылы да заң шығару жұмысы қарқынды жалғасты. Парламент жаңа Салық кодексін, жасанды интеллектті реттеуге арналған заңды, банк секторына қатысты жаңартылған нормаларды және басқа да маңызды заңдарды қабылдап, экономикалық және технологиялық саясатты жаңғыртуға үлес қосты.

Заңдар мен қоғам арасындағы байланыс

Бүгінде Парламент жұмысы ашықтық ұстанымына көбірек негізделіп келеді. Заң жобалары қоғамдық талқылауға шығарылып, сарапшылар мен азаматтық қоғамның ұсыныстары ескеріледі. Парламенттік тыңдаулар мен Үкімет сағаттарының форматы кеңейді, депутаттық сауалдар арқылы қоғамдағы өзекті мәселелер жүйелі түрде көтерілетін болды. Бұл механизмдер билік пен қоғам арасындағы диалогты тұрақтандырып, заң жобаларын талқылау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.

Мұндай тәсіл заңдардың сапасын жақсартуға, халықтың заң шығарушы билікке деген сенімін арттыруға және шешім қабылдау процесінің барынша ашық болуына бағытталып отыр.

Жаңа кезеңге бағдар

Қазақстан Парламенті 30 жыл ішінде қалыптасу, орнығу және жаңғыру кезеңдерінен өтті. Бұл уақыт елдің тәуелсіздігін нығайтуға, құқықтық мемлекетті дамытуға және демократиялық қағидаларды бекітуге елеулі үлес қосты. Бүгінде Парламент – кәсіби және стратегиялық шешімдер қабылдайтын маңызды институт, алдағы уақытта да ол ұлттық мүддені қорғап, әділетті әрі тұрақты мемлекетті қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ заң шығару процесінің күрделілігін айтып, алғашқы күннен бастап осы салаға қатысып келе жатқанын атап өтті. Ол соңғы жылдары қабылданған заңдар – «Ұлттық қор – балаларға», жасанды интеллект туралы заң, цифрлық кодекс, Бюджет кодексі, банк секторын реттеуге арналған заңдар – барлығына өз үлесін қосқанын жеткізді. Сонымен қатар қаржы омбудсмені институтының құқықтық негізін қалыптастыруға қатысқан. Сонымен қатар ол Парламенттің 30 жылдығын заң шығарушы органға үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалайтын маңызды күн деп санады.

30 жыл ішінде қабылданған маңызды заңдар

1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, елдің құқықтық және саяси негізі қаланды. Сол жылы алғашқы Салық кодексі де бекітілді.

1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң және «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң қабылданып, тіл саясаты мен әлеуметтік қорғау жүйесі заңдық тұрғыда реттелді.

1999 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданса, 2001 жылы «Жер туралы» заң заңнамалық базаны толықтырды. 2003 жылы Жер, Орман және Су кодекстері қабылданып, табиғи ресурстарды пайдалану мен қорғау жүйесі құрылды.

2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізіліп, сайлау туралы конституциялық заңға да түзетулер жасалды. 2009 жылы «Бала құқықтары туралы» заң қабылданып, балалардың мүддесі заңдық тұрғыда қорғалды. 2010 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енді.

2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң бекітілсе, 2014 жылы Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процестік кодекс және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс жаңартылды. 2015 жылы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қабылданып, 2016 жылы «Қоғамдық кеңестер туралы» заң күшіне енді.

2017 жылы конституциялық реформалар туралы заңдар пакеті қабылданып, Парламенттің өкілеттілігі кеңейтілді. 2018 жылы «Прокуратура туралы» жаңа заң бекітілді, 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды.

2020 жылы «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң және саяси партиялар туралы заңға өзгерістер енгізілді. 2022 жылы халық табысын арттыру бағдарламасы мен Конституцияға түзетулер референдум арқылы бекітілді, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» заң қабылданды.

2023 жылы Әлеуметтік кодекс қабылданып, әлеуметтік саясат заңнамалық тұрғыдан реттелді. 2024 жылы «Масс-медиа туралы» заң бекітілді. 2025 жылы жаңа Салық кодексі қабылданып, салық жүйесі жаңартылды.