akorda.kz

Қазақстан орман өрттерінің алдын алу үшін жасанды интеллектке негізделген жүйе енгізуде

Қазақстанда орман алқаптарын қорғауға арналған ақылды цифрлық жүйе іске қосылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мемлекет басшысына берген есебінде мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қазақтелеком» компаниясы орман өрттерін ерте анықтау жүйесін дамыту жобасын қолға алған. Жүйе алғаш болып «Семей орманы» резерватында іске қосылды.

Бұрын орманды күзету мұнарадан дүрбімен шолу арқылы жүргізілсе, енді 360 градусқа айналатын, 30 шақырымға дейін қамтитын камералармен жабдықталған бақылау станциялары іске қосылды. Олар болмашы түтіннің өзін анықтай алатын нейрожелімен жұмыс істейді, – деді Бағдат Мусин.

Жүйе толығымен автоматтандырылған және күн батареяларымен жұмыс істейді. Камералардан келетін сигналдар бірден орталыққа жіберіледі. Қажет болған жағдайда ұшқышсыз дрондар көтеріледі. Барлық мәліметтер – бейне, телеметрия, дабыл – деректерді өңдеу орталығына түсіп, арнайы суперкомпьютер арқылы сарапталады.

Қазіргі суперкомпьютеріміздің мүмкіндігі шектеулі болғанымен, ол жасанды интеллектіні үйретіп жатыр. ЖИ алау мен өрттің айырмашылығын, сирек өсімдіктердің өсу аймағын, тіпті браконьерлердің әрекеттерін де анықтай алатын болады, – деді министр.

Мусиннің мәліметінше, 2025 жылдың ортасына дейін ел көлемінде осындай 270 бақылау станциясы орнатылады. Бұл шамамен 5,6 миллион гектар орманды қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, министр Қазақстанның NVIDIA компаниясының аймақтағы жалғыз серіктесі екенін айтып өтті.

Бүгінде бізге түрлі бизнес өкілдері мен көрші елдерден суперкомпьютерлік қуатты пайдалану жөнінде өтінімдер түсіп жатыр. Бұл тек орман қорғау жобасы емес, сонымен қатар технологиялық суверенитетті арттыратын стратегиялық қадам, – деді Бағдат Мусин.

Осылайша, Қазақстанда ормандарды қорғайтын өздігінен үйренетін, болжайтын және әрекет ететін заманауи цифрлық жүйе қалыптасып келеді. Министр атап өткендей, бұл бастама тек экологиялық қауіпсіздікті емес, еліміздің цифрлық болашағын қамтамасыз ететін маңызды жобалардың бірі болмақ.