Қазақстан оқушылары Халықаралық KGL Contest олимпиадасын сәтті жалғастыруда
Отандық мектеп оқушылары KGL Contest (Kangaroo Global Linguistics) халықаралық олимпиадасының II кезеңінде ағылшын тілінің барлық деңгейі бойынша өте жоғары ұпай жинады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазақстан әлемдегі беделді сайысқа алғаш қатысып, республикалық маңызы бар үш қаланы қосқанда 12 аймақтан 2691 қатысушыны қамтыды. KGL Contest – ағылшынды шет тілі ретінде оқитын 8 бен 17 жас аралығындағы оқушыларға арналған ағылшын тілінен халықаралық олимпиада. Конкурсты ұйымдастыратын International Testing Authority (ITA) қатысушыларға тілді қаншалықты меңгергенін қызықтыру және ынталандыру арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Әлем оқушыларының ағылшын тілінің деңгейін шынайы бағалайтын Олимпиаданың негізі 2017 жылы қаланып, дүние жүзінің 40-тан астам мемлекеті арасында жылда өтеді.
KGL-дың басты ерекшелігі: күрделі деңгейінде – Pre-A1, A1, A2, B1, B2 – CEFR көрсеткішіне сай. Іріктеу үш кезеңнен тұрады: екі ұлттық тур (Stage I + Stage II) және бір халықаралық – Еуропадағы елдің бірінде өтіп, қатысушыларға әлем балаларымен танысуға және ғаламдық деңгейде сайысуға жол ашатын финал (Global Event).
Биылғы жылы бірінші кезең дүние жүзі бойынша ұйымдастырушы белгілеген нақты бір күні және уақытта іске асты. Қазақстанға сайысты бастау 2025 жылғы 15 ақпанға 11:00 бекітілді. Қысқы аяз бен жүздеген шақырым қашықтыққа қарамастан, табандылық танытқан ата-аналар мен ұстаздар оқушыларды тест өткізуге таңдалған облыс орталықтары мен қалаларға дер кезінде жеткізді. Сайыстың әр қадамы қатаң тәртіпке сай бекітіліп отырды: таратылатын материалды ашу уақыты, тест тапсыру таймингі және қатысушылардың жауабын жауып-жапсыру. Аймақтарда бекітілген супервайзерлер мыңдаған қорытынды файлды сканерлеп, деректерді бас кеңсенің платформасына белгіленген уақытта жүктеді. Сосын KGL Contest-тің ақылды жүйесі әр қатысушының жауабына қарай ұпайын есептейді. Осылайша сайысқа тіркелген 2691 баладан алғашқы іріктеуге 530 оқушы ілінді. II кезеңге өтетін ұпай ең жоғарғы көрсеткіштің 90%-ын құрайтынын атап өткен жөн. Нәтижесінде ағылшын тілінен өткен халықаралық олимпиаданың екінші кезеңі 2025 жылғы 15 наурызда, Қазақстан уақытымен 11:00 ұйымдастырылды. Екі айға ұласқан шет тілінен сынақ, абыроймен аяқталып, ел намысын қорғаған балалар тіл білудің барлық деңгейінен – Pre-A1, A1, A2, B1, B2 – жоғары ұпай жинады. Бірінші орындарды Қызылорда, Астана мен Алматы қалаларының мектебінен қатысқан жеңімпаздар қанжығасына байлады.
Pre-A1 деңгейінің жеңімпаздары:
1 орын Қасқырбек Ілияс Мұхамед-Рахымұлы, Ә. Мүсілімов ат. № 101 мектеп-лицей, Қызылорда қ.
2 орын Максим Калабин, 113 мектеп-гимназия КММ, Алматы қ.
3 орын Эмилия Джамалаева, №7 мектеп-гимназия, Тараз қ.
A1 деңгейінің жеңімпаздары:
1 орын Жасмин Бақытжан, 197 орта мектебі, Қызылорда қ.
2 орын Летисия Ахмет, №38 Қазақстан-ресей гимназиясы, Алматы қ.
3 орын Серафима Симонова Ильинична, №91 негізгі мектебі, Алматы қ.
A2 деңгейінің жеңімпаздары:
1 орын Әли Алпысбай, № 82 «Дарын» лицейі, Астана қ.
2 орын Алан Алдаберген, № 35 гимназия КММ, Алматы қ.
3 орын Алан Әбдіразақұлы, Ә. Мүсілімов атындағы мектеп-лицей, Қызылорда қ.
B1 деңгейінің жеңімпаздары:
1 орын Таңат Төленбай, № 39 лицей, Алматы қ.
2 орын Анель Жаркенова, НЗМ, Павлодар қ.
3 орын Артем Коринец, «№1 Саумалкөл орта мектебі» КММ, СҚО Айыртау ауданы
В2 деңгейінің жеңімпаздары:
1 орын Дария Насимуллина, № 23 МГ, Алматы қ.
2 орын Айлин Әкім Ерболқызы, 105 МГ, Алматы қ.
3 орын Абылай Туарбай Дарханұлы, №56 гимназия КММ, Алматы қ.
Жас лидерлерді ағылшын тілінің әр деңгейінің 1, 2, 3 орындары бойынша $500, $250, $150 көлемінде ақшалай сыйлық, һәм оқ бойы озғандарды – A1, A2, B1, B2 деңгейінің бірінші орын иегерлерін – Грекияға сапар, Салоники қаласында өтетін ресми марапаттау салтанаты мен халықаралық финал күтіп тұр.

Ақпандағы алғашқы раунд айтарлықтай оңай болды, алайда наурыздағы екінші кезең қиындау екен. Неге десеңіз, екінші турда эссе жазу керек, ал менің жазған сөздерім тым көп болып кетті. Уақыт шектеулі, сол себепті қалған бес минут бойы артық сөздерді сызып отырдым. Кейін мұғалімім Грекияға баратынымды айтқанда, әлемдік финал бұйырғанына есім шықты (күледі). Қазір соның барлығы кешегі күндей. Енді есімді жинадым, өте бақыттымын, - дейді ағынан жарылған В2 деңгейінің 1 орын иегері Алматы қ. № 23 мектеп-гимназия оқушысы Дария Насимуллина.
Еліміздің оқушылары халықаралық олимпиадаға қатыссын деп ұсыныс бастаған тең ұйымдастырушы EDU Stream компаниясы, бүкіл республикада екі кезеңмен сайыс өткізу, мемлекетіміздің 12 аймағының білім басқармаларымен келісіп пішкен тондай бірлесіп атқарған жұмыстың арқасы дейді.
Қазақстан оқушыларының дүние жүзілік олимпиадада жеңіске жетуі, бұл 2016 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жаңартылған білім беру бағдарламасы мен еліміздің балаларына ағылшын тілін оқытуды көздеген мақсатымыздың нәтижесі. Біз отандық мектептерге шет тілінің оқу-әдістемелік кешенін әзірлейтіндіктен, балаларымыздың осындай беделді сайыста тест тапсырғанда жоғары көрсеткішке қол жеткізетініне күмәнданған жоқпыз, себебі өзіміз шығарған шет тілін оқытатын авторлық әдістемелер тиімді екеніне сенімдіміз. Және әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін EDU Stream халықаралық тіл академиясы өз атынан сыйлық ретінде KGL Contest жеңімпаздарына Грекияға III-кезеңге (4 категорияның – A1, A2, B1, B2 – бірінші орын иегерлері мен ұстаздарын) – дүние жүзілік финалға, Global Event марапатының салтанатына ұшатын билеттерін алып береді. Олимпиаданы әлем бойынша ұйымдастыруға жауапты International Testing Authority балаларды Салоники қаласында өз есебінен қарсы алады, - деп атап өтті EDU Stream халықаралық тіл академиясының бас директоры Наталья Мұхамеджанова.

