Жаңалықтар

Қазақстан ОПЕК+ келісімдерін берік ұстанатынын растады

Қазақстан ОПЕК+ келісімдерін берік ұстанатынын растады
Фото: Pixabay.com 05.04.2025 21:05 479

Бүгін ОПЕК+ Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің (JMMC) 59-шы отырысы бейнеконференция форматында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отырысқа Қазақстан Республикасының атынан Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қатысты.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, отырыс барысында 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында ОПЕК+ келісімі шеңберінде қатысушы елдердің өз міндеттемелерін орындау көрсеткіштері қарастырылып, ОПЕК+ елдері бойынша жалпы орындау деңгейі атап өтілді, сондай-ақ жаһандық мұнай нарығындағы қазіргі үрдістер талқыланды.

Комитет нарық тұрақтылығын қолдау мақсатында сегіз елдің қосымша ерікті қысқартуларын жоғары бағалап, барлық міндеттемелердің толық орындалуы мен өтемақы шараларын жүзеге асырудың аса маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан сондай-ақ 3 сәуірде өткен кездесуге қатысты. Бұл жиында қосымша ерікті қысқартуларды жүзеге асырып жатқан сегіз мемлекет, оның ішінде Қазақстан да, нарық жағдайына бірлескен бағалау жүргізді, - делінген мәліметте.

3 сәуірдегі кездесу қорытындысы бойынша қалыптасқан конъюнктура мен тұрақтылық мүдделерін ескере отырып, мұнай көлемін нарыққа кезең-кезеңімен қайтарудың бұрын келісілген кестесіне түзету енгізу туралы шешім қабылданды.

Қазақстан ОПЕК+ аясындағы келісімдерді ұстануды жалғастырып, халықаралық міндеттемелер мен ұлттық мүдделерді басшылыққа ала отырып, альянс серіктестерімен сындарлы өзара іс-қимылды жалғастырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға