ҚР ЕХӘҚМ

Қазақстан мигранттарды бақылау үшін Кореяға полиция жібереді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқар Ертаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктерінің өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомство дерегінше, ккздесудің негізгі тақырыбы заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мәселелері мен қазақстандық азаматтардың Корея Республикасының аумағында заңды болуын қамтамасыз ету болды. Сонымен қатар Кореяда Қазақстанның полиция атташесі пайда болатыны айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Корея Республикасына заңсыз көші-қонның алдын алу, сондай-ақ жақын арада Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы елшілігінде Қазақстан азаматтарының болуын, оның ішінде заңсыз көші-қон және заңсыз еңбек қызметін анықтау фактілерін қадағалайтын полиция атташесі тағайындалатындығы туралы мәселелер талқыланды, - делінген мәліметте.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені тұрақты бақылауға алды.

Анықталған барлық заңбұзушылықтар дер кезінде тіркеліп, әрі қарай қарастыру үшін Қазақстан Республикасының және Корея Республикасының уәкілетті органдарына жолданатын болады, - деп қосты ведомство өкілдері.