nippon.com

Қазақстан мен Жапония: Мектептерде тарих пәнін қалай оқытады?

14.07.2025 17:32

Ғалым, тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы e-history.kz-ке берген эксклюзив сұхбатында Қазақстан мектептері мен Жапония мектептеріндегі тарих пәнін салыстырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл жақтағы тарих пәнінің оқытылуы біздегімен салыстырғанда едәуір айырмашылық бар. Жапонияның қазіргі білім беру жүйесі бойынша оқушылар бастауышты 6 жыл, негізгі ортаны 3 жыл және жоғары ортаны 3 жыл, жиыны 12 жыл оқиды. Оның ішінде бастауыш және негізгі орта міндетті болып табылады. Жапониядағы бастауыш мектептерде оқушылар тарихты 6-сыныптың «Әлеуметтану» сабағында оқиды. Онда негізінен Жапониядағы тарихи тұлғалар мен оқиғаларды таныстыруға басты назар аударылады.

Негізгі ортаға келгенде тарих пәнінің оқытылуы дүние тарихының фонына негізделе бастайды, бірақ онда әлі де жапон тарихына баса мән беріледі. Бастауыш, негізгі орта кезеңдеріндегі тарих сабағы міндетті пән қатарына жатады. Ал жоғары ортадағы тарих сабағы екі пәнге бөлінеді: «Дүние жүзі тарихы» және «Жапон тарихы», оларды таңдау пәні ретінде оқуға болады. Байқағанымыздай, Жапонияда бастауыш және негізгі орта кезеңдерде тарихты оқытуда өз елінің тарихына көңіл бөледі де, жоғары ортаға барғанда шетел тарихы қосылады. Ескере кетер бір жайт, Жапонияда 2022 жылдан бастап жоғары ортада «Жалпы тарих» міндетті пән ретінде қосылды, негізгі мақсаты – таяу заман тарихына назар аудару және Жапонияны әлемнің басқа елдерімен салыстыра үйрену. Сондықтан, дамыған елдердің тарих сабағын оқытудағы озық тәжірибелерін қабылдап, оны ұрпақ қажетіне жарату, әрине бүгінгі заман талабы болмақ, - дейді Дүйсенәлі Әбділәшімұлы.

Айта кетейік, ғалым қытай архивтеріндегі қазақ тарихына қатысты ашылмаған деректер туралы айтып берді.