Жаңалықтар

Қазақстан мен Сауд Арабиясы экология проблемаларын талқылады

Қазақстан мен Сауд Арабиясы экология проблемаларын талқылады
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі 18.08.2023 05:10 594

Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мен Сауд Арабиясы Корольдігінің қоршаған орта, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдулрахман әл-Фадли екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, іс-шара барысында тараптар су ресурстарына, климаттың өзгеруіне, биоәртүрлілікті сақтауға байланысты бірқатар мәселелерді талқылады.

Қазақстан мен Сауд Арабиясы су ресурстарымен байланысты проблемаларға тап болып отыр. Бұл ретте біз сіздің еліңіз су ресурстарын тұщыландыру және тиімді пайдалану саласында жаңашыл болып табылатынын білеміз. Осыған байланысты су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастыққа дайындығымызды атап өту қажет, - деп атап өтті министр әріптесіне сөйлеген сөзінде.

Көміртекті бейтараптық мәселесі бойынша Қазақстан Париж келісімінің тарапы болып табылады және оның ережелері мен басшылық қағидаттарын іске асыруды қатаң ұстанады деп айтылды. Қорытындылай келе, экономиканы терең декарбонизациялауда бағдар болатын 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекітуді атап өтуге болады. 2030 жылға қарай абсолютті шығарындыларды 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқарту жоспарлануда.

Ал Бонн шақыруы шеңберінде Қазақстан 2030 жылға дейін орман өсіру және орманды қалпына келтіру есебінен кем дегенде 1,5 млн. га тозған жерді қалпына келтіруге міндеттенді.

Экология министрлігінің басшысы:

Біліммен, технологиялармен және озық тәжірибелермен алмасып, біздің елдер экологиялық тұрақтылықты арттыруға және шөлейттенуге қарсы күреске ықпал ете отырып, жер ресурстарын тұрақты басқару стратегияларын әзірлеуде ынтымақтаса алады, - деп атап өтті.

Тараптар климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелерін де қозғады.

Біздің елдеріміздің климатының өзгеруіне қарсы күрестегі серіктестік тұрақты, төмен көміртекті болашаққа жол ашып, үміт шамы ретінде қызмет ете алады және басқа елдерді де осы үлгіні ұстануға шабыттандырады, - деді З.Сүлейменова.

Бұдан басқа, екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында қазақстандық тарап Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің қоршаған орта, су және ауылшаруашылығы министрлігі арасында қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта мемлекетішілік келісу рәсімдері жүргізілуде.

Бұл құжат екі елдің қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылын күшейтуге және дамытуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға