Жаңалықтар

Қазақстан мен Қытай су тасқынымен бірлесіп күресу жөнінде келісімге келді

Қазақстан мен Қытай су тасқынымен бірлесіп күресу жөнінде келісімге келді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі 24.09.2024 18:12 416

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қытай Халық Республикасы Су шаруашылығы министрлігімен су тасқынымен күрес бағытында ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Министр Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында су тасқынына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұдан бөлек, ведомство Ресей Федерациясымен су тасқыны кезеңінде тараптардың іс-қимылын үйлестіру үшін барлық трансшекаралық су ағындары бойынша бірыңғай жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Тасқын суды жинау және қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету үшін министрлік 2,6 млрд текше метр су сақтай алатын 42 жаңа су қоймасын салуды, жалпы жобалық көлемі 3,7 млрд текше метр болатын 37 су қоймасы мен 14,5 мың шақырым ирригациялық каналды реконструкциялауды жоспарлап отыр. Биыл Түркістан облысында 2 су қоймасының құрылысы басталды. Ақтөбе, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында 3 су қоймасы кешенді реконструкциядан өтуде. Сондай-ақ, Қазсушар филиалдары су тасқыны кезінде үлкен көлемде су қабылдаған 34 гидротехникалық құрылысты жөндеу жұмыстарын бастады. Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында 95 шақырым каналды механикаландырылған тазалау жұмыстары жүргізілді,- деді министр Нұржан Нұржігітов.

Айта кету керек, су тасқыны жағдайы тек жағымсыз салдарға ғана емес, сонымен қатар су қоймаларына экономика салаларының қажеттіліктері үшін пайдаланылатын 12 млрд текше метрден астам су жинауға мүмкіндік берді.

Мысалы, Қ.Сәтбаев атындағы канал арқылы толтырылатын Астана су қоймасына тасқын суын жинау 2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, тасқын көптен бері тіршілік нәрі бармаған жерлерге суды бағыттап, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр, Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су жіберілді. Тарихта алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көл жүйелеріне су жеткізілді.

Жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метр, Каспий теңізіне – 7,4 млрд текше метр су жіберілді.

2024 жылғы қыркүйек айының басындағы жедел деректерге сәйкес, су қоймаларынан ауыл шаруашылығында 8,4 млрд текше метр, өнеркәсіпте 3,7 млрд текше метр су пайдаланылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға