Қазақстан мен Қырғызстан стратегиялық диалогты нығайтады
Қазақстан тарапының шақыруымен Қырғыз Республикасының сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев Астанаға алғашқы ресми сапарын жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
СІМ мәліметінше, келіссөздер барысында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Қырғызстан сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық, транзит-көліктік және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басымды бағыттарын талқылады. Достық, бауырластық және тату көршілік қағидаттарына негізделген одақтастықты тереңдетуге өзара бейілділік расталды.
Сыртқы істер министрі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында қазақ-қырғыз қатынастары өзара іс-қимылдың жаңа сапалы деңгейіне көтерілгеніне назар аударды. Атап айтқанда, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың ресми сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қойылып, екі ел арасындағы достық байланыстарды жан-жақты нығайтуға бағытталған бірқатар экономикалық және мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өткізілді.
Қырғызстан біз үшін тек сенімді одақтас қана емес, сонымен қатар жақын көрші және бауырлас халық. Бізді ғасырлар бойы қалыптасқан достық байланыстар, ортақ рухани құндылықтар және біртұтас түркі тамырлар біріктіреді, – деді М.Нұртілеу.
Өз кезегінде Ж.Кулубаев екі ел арасындағы қарым-қатынастар бүгінгі таңда жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, тереңдетілген одақтастық сипатқа ие болғанын растады.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада өткен Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің 6-отырысында қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын жан-жақты талқылады. Тараптар екі ел арасындағы парламентаралық және үкіметаралық байланыстарды одан әрі кеңейтуге жәрдемдесуді жалғастыруға уағдаласты.
Тараптар экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан Қырғызстанның ең ірі сауда серіктесінің «үштігіне» кіреді. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында соңғы жылдары екіжақты тауар айналымы тұрақты түрде 1,5 млрд АҚШ долларынан асып отыр. Жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру аясында министрлер өзара сауда көлемін 3 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге жәрдемдесу жөнінде уағдаласты. Осы орайда тараптар қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешенін іске қосудың, екіжақты тауар айналымының номенклатурасын кеңейтудің, бизнес-форумдар мен сауда миссияларын тұрақты түрде өткізудің, сондай-ақ өңіраралық байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Екі елдің кәсіпкерлік ортасы үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Қазақстан Қырғызстан экономикасына 1,3 млрд доллардан астам инвестиция салды.
Министрлер энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуетін, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын атап өтті. Осы бағыттарда өзара тиімді әріптестікті дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Бөлек тармақ ретінде екі мемлекет арасындағы берік және ұзақ мерзімді қатынастардың негізі болып табылатын мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қаралды.
Өткен жылы Қазақстанда Қырғызстанның Мәдениет күндері және бірқатар ірі шаралар, оның ішінде бірлескен концерттер, кино күндері, жастар мен ақсақалдар форумдары үлкен табыспен өткізілді. Биыл қазақ-қырғыз киносының өзара күндерін және кезекті 3-ші қазақ-қырғыз жастар форумын өткізу жоспарлануда.
Қазақстан тарапы «KazAID» агенттігінің Орталық Азия елдерінің жас дипломаттарына арналған білім беру курстарын өткізуді, сондай-ақ студенттермен академиялық алмасуларды және медициналық жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін арттыруды жалғастыратынын хабарлады. Осыған байланысты Қазақстан тарапы Қырғызстанды аталған бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу барысында министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін талқылады. Тараптар БҰҰ, ШЫҰ, ТМҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК сияқты көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету барысында өзара қолдау көрсетуге бейілділіктерін растады.
СІМ басшылары Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы бірлескен күш-жігер, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері мен Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы ынтымақтастық мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Осы тұрғыда тараптар сыртқы істер министрліктері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайын екендігін білдірді, оның ішінде Сыртқы істер министрлері кеңесі және екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған Ынтымақтастық бағдарламасы аясында өзара әрекеттесуді жалғастыруға уағдаласты.
Қырғыз Республикасының сыртқы істер министрі Ж.Кулубаев ресми сапар аясында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.