Қазақстан мен Қырғызстан СІМ басшылары телефонмен сөйлесті
Қырғыз тарапының бастамасы бойынша Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz интернет порталы.
Жээнбек Кулубаев әріптесін тағайындалуымен жылы құттықтап, жоғары қызметте табыс тіледі. Өз кезегінде, Е.Көшербаев сұхбаттасына құттықтағаны үшін алғысын білдіріп, қазақ тарапының Астана мен Бішкек арасындағы одақтастық қарым-қатынастарды жан-жақты тереңдетуге берік ниетін растады.
Министрлер саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы бауырластық, достық және тату көршілік рухында көп қырлы қазақ-қырғыз ынтымақтастығын нығайту мен кеңейтудің қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.
Тараптар көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ министрлер алдағы биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралардың кестесін қарастырды.

